ШҚО-да көпбалалы отбасылар тұрғын үймен қамтылады
Тұрғын үй кезегінде тұрған ауыл-аймақтағы 230 көпбалалы отбасыны баспанамен қамту мақсатында 146 тұрғын үй сатып алынса, қалған 84 баспана бірнеше күнде алынбақ. Бұл жөнінде облыс әкімдігінде өткен отырыс барысында өңір басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізге салсақ, 27 маусым күні облыс әкімі Даниал Ахметовтың төрағалығымен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселелері бойынша облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өткен болатын. Өңірдің аудан, қалаларындағы ауылдық елді-мекендерде тұратын 566 көпбалалы отбасы мемлекеттік тұрғынүй қорынан баспана алу кезегінде тұр. Оларды баспанамен қамту кезең-кезеңімен жүргізілмек. Бірінші кезеңде бюджеттен тыс қаражат арқылы ауылда тұратын 230 отбасыны баспанамен қамту жоспарланып, құжаттарын ресімдеуге 10 күн қажет болды. Бүгінгі таңда көзделген тұрғын үйлердің 146-ын сатып алуға қаражат аударылса, қалған 84 үй бірнеше күн ішінде сатып алынбақ.
Көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің екінші кезеңі «Бақытты отбасы» мемлекеттік ипотекалық несиелеу бағдарламасы бойынша жүзеге асырылмақ. Бұл жерде несие беруші оператор Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі болмақ.
– Қазіргі уақытта біз аудан, қала әкімдерімен бірлесе отырып көпбалалы отбасылардың қаржылық жағдайына талдау жүргізудеміз, – деді облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы. – Тұрғын үйдің әр шаршы метрі 120 мың теңгені құрайтын жоба жасалды. Бұл бағдарлама бойынша баспана алудың ең ұтымды мүмкіндігі. Өйткені азқамтылған отбасылар ипотекалық несиені екі пайыздық мөлшерлемемен 20 жылға ала алады. Арнайы комиссия алғашқы жарна үшін берілетін бір миллион теңгелік сертификатты кімге табыстау керектігі жөнінде шешім қабылдайтын болады. Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй салу бойынша алты жоба дайын. Сәтін салса, үш-төрт айдан кейін көпбалалы отбасыларға арналған жеке тұрғын үйлерді салуға кірісеміз.