Семейліктер Сабантой мерекесін тойлап жатыр
Сабантой - татар халқының егін бітік шықсын деген тілекпен жасайтын көктем мерекесі. Татар халқының ұлттық мерекесі Семейде ерекше аталып өтіп, оған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова, Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қатысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Татар халқының ұлттық мерекесі биыл кең ауқымда, облыстық деңгейде өткізілді. Оған Бесқарағай, Бородулиха аудандарымен қатар Ресейдің Қазан қаласынан да татар ағайындар келіп отыр.
Мерекелік шарада татар халқының ән-жырлары шырқалып, ұлттық ойындарынан сайыс ұйымдастырылды. Татарстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, даңқты спортшы Ром Ильматовтың, еңбек ардагері Рашида Ашрафқызының айтуынша, «Татарча курәс» ойындары - бабадан балаға мұра болып келе жатқан ойындар. Ұлттық ойын демекші, бағанға өрмелеп, баған басындағы сый-сыяпатты алу кешке дейін жалғасатын сияқты. Әзірше ешкім де биіктікке шыға алмады. Сондай-ақ, демеуші Рафаил Хазиповтың ұйымдастыруымен татар палауы фестивалі өтіп, семейліктердің барлығы да дәм татты.
Сабантой Бейбітшілік аралында жалғасып жатыр.