Мемлекеттік мекемеге қалай шағымдануға болады?
– Мекеменің жоғары тұрған инстанциясы да шағымды дұрыс қарамаған жағдайда, мемлекеттік мекеменің шешіміне қалай шағымдануға болады?
Еркін Саматұлы
Глубокое ауданы.
Сауалға «Тәуелсіз заңгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді:
– Егер мемлекеттік мекемемен қабылданған шешім Сіздің құқықтарыңызды, бостандықтарыңызды немесе заңды мүдделеріңізді бұзған болса, онда Сіз сол мекеменің жоғары тұрған инстанциясына немесе прокуратураға шағымдануға құқылысыз.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 278-бабына сәйкес Сіз мемлекеттік органның шешіміне сот тәртібімен шағым келтіре аласыз.
Сотқа келесі негіздер бойынша арыз беруге болады:
Егер мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерінің, әрекеттерінің немесе әрекетсіздігінің нәтижесінде:
1) азаматтың және заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылған;
2) азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғаның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн жүзеге асыруына кедергі жасалған;
3) азаматқа немесе заңды тұлғаға әлдебiр мiндет заңсыз жүктелген немесе олар заңсыз жауапқа тартылған алқалық және жеке-дара шешiмдер мен әрекеттер (әрекетсiздiк) болған жағдайда.
Сіз өз құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өзіңізге мәлiм болған күннен бастап үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiнуге құқылысыз. Арыз беріп, жүгінуге арналған үш айлық мерзімді өткізіп алу соттың арызды қабылдаудан бас тартуына негіз бола алмайды.
Сот істі бір ай ішінде Сіздің немесе сенімді өкіліңіздің, прокурордың және шешімі мен әрекеттеріне дау айтылып отырған мемлекеттік мекеменің қатысуымен қарайды.
Егер сот Сіздің арызыңызды орынды деп табатын болса, онда мемлекеттік мекеменің Сіздің құқықтарыңыз мен бостандықтарыңызды және заңмен қорғалатын мүдделерiңізді бұзуға жол берілген бұрмалаушылықты толық көлемінде жоюға міндеттілігі туралы шешім шығарады.
Мемлекеттік мекеме сот шешімі алынған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей оны орындағаны туралы Сізге және сотқа хабарлауы тиіс.
Сот шешімін уақытылы орындамағаны үшін немесе орындаудан бас тартқаны үшін мемлекеттік мекеменің лауазымды қызметкерлері жауапқа тартылуы мүмкін.
Сондай-ақ мұндай арыздар ерекше талап қою тәртібімен қаралады.
Арыз Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 150 және 151 баптарындағы нормаларға сәйкес толтырылып тапсырылады және осы кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық ережелері бойынша беріледі.