ШҚО-да Экономикалық тергеу департаменті құрылды
ШҚО-да Экономикалық тергеу департамент деп аталатын жаңа мекеме пайда болды. Мұндай қызмет бұған дейін ШҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің құрамында болған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Экономикалық тергеу департаменті ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің аймақтық органы болмақ.
Айта кетсек, экономикалық тергеу қызметін қайта құруды еліміздің бұрыңғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында тапсырған болатын.
Бұлардың міндеті - қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтау, оның алдын алу, ашу және тергеу жүргізу. Мекеме, атап айтқанда, жалған кәсіпкерлік, бюджет қаржысын жымқыру, экономикалық контрабанда, мұнай мен мұнай өнімдерінің, алкогольдік ішімдіктердің заңсыз айналымы, ойын бизнесі мен салықтық қылмыстар, қасақана жасалған банкроттық әрекет, жалған банкроттық, несиені заңсыз жолмен алу және бюджеттік несиені мақсатсыз қолдану, банк ақшасын заңсыз пайдалану, жалған ақша мен құжаттарды жасау, сақтау, тасымалдау секілді мәселелермен жұмыс істейді.
Аталған құқықбұзушылық фактілеріне куә болсаңыздар енді осы департаменттің мамандарына шағымдануларыңызға болады.
Мекеменің мекен-жайы: Өскемен қаласы, Буров көшесі, 10/1
Телефон: 8 (7232) 29-56-51, 8 (7232) 24-06-05.
Азаматтарды қабылдау уақыты: әр сәрсенбіде сағат 16.00-17.00-ге дейін.