"Ипотека бойынша көмектесемін" ШҚО-да алаяқ 6 млн теңге жымқырып кетті
Шығыс Қазақстан облысында алаяқ өңір тұрғындардың атына ірі көлемде несие рәсімдеген, - деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ертіс ПБ кезекші бөліміне облыс орталығының 28 жастағы тұрғыны жүгінген. Ер адам танысы оған ипотека арқылы несие алуға көмектесуді ұсынғанын, жеке деректерін алдап алғанын және банктің мобильді қосымшасы арқылы атына ақшалай несие рәсімдегенін айтқан. Келтірілген шығын сомасы 3 миллион теңге болған.
Келесі күні Ертіс ПБ кезекші бөліміне қаланың 51 жастағы тұрғынынан осыған ұқсас тағы бір өтініш келіп түскен. Ер адамның айтуынша, бейтаныс жігіт жылжымайтын мүлік сатып алу үшін ипотека ретінде несие алуға көмек көрсетемін деген сылтауымен жәбірленушінің телефонына орнатылған мобильді қосымшадан несие рәсімдеген. Содан кейін 6 миллион теңге сомасындағы қаражатты өзінің шотына аударып алған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ертіс ПБ ЖПБ қызметкерлері күдіктіні анықтаған. Ол 24 жастағы жергілікті тұрғын болып шыққан. Жауап алу барысында қаскүнем кінәсін мойындаған.
"Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі "Алаяқтық" бойынша соталды тергеу басталды. Осы баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді", - делінген хабарламада.