KZ
Өскемен
-11°
переменная облачность Штиль
498.34 519.72 4.85

Гүлшара Әбдіхалықова Өскемендегі медициналық мекеменің жұмысын жоғары бағалады

19.04.2019, 08:29 158

Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Əбдіхалықова, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бастаған елордадан келген ресми топ Өскемендегі облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың жұмысымен танысты. Қонақтармен бірге орталыққа облыс әкімі Даниал Ахметов те барды.

Айта кетейік, мұнда былтырғы көктемде роботтандырылған хирургия орталығы жұмысын бастаған болатын. Мекеменің бас дәрігері Юрий Старокожевтің мәлімдеуінше, еліміздегі тұңғыш роботтандырылған орталықта Италиядан әкелінген Senhance Transenterix техникасының көмегімен күрделі эндоскопиялық оталар жасалуда. Алғашқы операциялар Италиядан арнайы шақыртылған маманның қатысуымен өткен. 2018 жылдың наурызында ашылған орталықтың мамандары бүгінге дейін хирургия, гинекология, урология және торакалгия бағыттарында 200-ден астам науқасқа ота жасап, талай жанды ажалдан арашалап қалыпты. Бұған қоса мекеме қызметкерлері ангиография саласында елімізде жоқ тың әдіс-тәсілдерді қолдануда екен. Осының бәрін өз көзімен көрген елордалық қонақтар орталықтың жұмысына жоғары баға беріп, мұндай мекемелер республиканың өзге өңірлерінде де салынуы керек деген пікір айтты.

– Роботтандырылған хирургия отаның дәлдігін арттырып, жарақаттың жеңіл әрі операциядан кейінгі ем-домның сапалы болуын қамтамасыз етеді. Біз мамандарымыздың білімі мен біліктілігін арттыруға айрықша мән берудеміз. Орталықта дәрігерлердің үшдеңгейлі оқыту бағдарламасы бойынша сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Бүгінге дейін 20-ға жуық қызметкеріміз әлемнің үздік медициналық орталықтарына барып, тәжірибе жинақтап келді. Оның ішінде, хирургтермен қатар, анестезиолог, ультрадыбыстық зерттеу дәрігерлері мен лаборанттар да бар. Сондай-ақ шетелдік мамандар да арнайы келіп, жергілікті дәрігерлермен тәжірибе бөлісуде, – деген бас дәрігер орталықта роботтандырылған хирургиядан бөлек, трансплантологиялық және симуляциялық бөлімдер де бар екенін хабарлады.

Хирургиялық орталыққа сапары барысында мәртебелі қонақтар мекеменің дәрігерлерімен кездесіп, елімізде денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берді. Өз сөзінде Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова биыл елімізде «Денсаулық» бағдарламасы аяқталатынын айтып, алдағы бес жылға арналған жаңа құжат әзірленетінін жеткізді. Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде медицина қызметкерлерінің еңбекақысын өсіру бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын хабарлады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу