Олимпиада чемпионының мемориалында «Марқакөл» топ жарды
Өскеменде шайбалы хоккейден спорт ардагерлері мен әуесқойлар арасындағы Олимпиада чемпионы Борис Александровты еске алуға арналған дәстүрлі турнир аяқталды. Осымен 16 рет ұйымдастырылған додаға барлығы алты команда қатысты.
Аталмыш жарыстың өтуіне жылдағыдай «Казцинк» ЖШС мен жергілікті Хоккей әуесқойларының клубы қолдау білдірді. Бес айға созылған биылғы турнирге негізінен әуесқой хоккейшілерден құралған командалар қатысып, екі айналымнан тұратын жарыста өзара мықтыны анықтады. Бір айта кетерлігі, турнирде сынға түскен «Зерновик», «Казцинк», «Марқакөл», «Металлург», «Метеор» және «Энергия» ұжымдарының сапында спорттық мансабын аяқтаған кәсіпқой хоккейшілер мен ардагер спортшылар да болды.
Тартысқа толы жарыстың тұрақты чемпионатында «Зерновик» командасы топ жарса, плей-офф кезеңінде «Марқакөлдің» асығы алшысынан түсті. «Марқакөлдіктер» «Казцинк» компаниясының ауыспалы кубогы сарапқа салынған жарыстың шешуші кездесуінде былтырғы турнирдің жеңімпаздары «Казцинк» командасынан басым түсті. Есеп 8:3.
Турнир соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар атынан мақтау қағаздарына, медальдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.