KZ
Өскемен
+25°
переменная облачность жел 6 м/с, В
478.93 534.96 5.16

«Алтай» волейболшылары Өскеменге оралды

11.04.2019, 11:49 179

Бүгін Өскемен әуежайына бір топ жанкүйер жиналып, жақында ғана аяқталған ел біріншілігінің жеңімпаздары «Алтай» волейболшыларын қошеметпен қарсы алды.

 

Естеріңізге салайық, өткен жексенбі күні Талдықорған қаласында волейболдан ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жеткен болатын. Біріншіліктің финалдық сериясында «Алтай» волейболшылары үш ойынның қорытындысы бойынша жергілікті «Жетісудан» 2:1 есебімен басым түсіп, төртінші жыл қатарынан ел чемпионы атанған-ды.

 

Өскемен әуежайына келіп қонған бойда команданы жанкүйерлері мен туыстары қарсы алып, чемпиондардың құшақтарын гүлге толтырды. Алтайлық аруларға көппен бірге Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар да қошемет көрсетті. Өз сөзінде шаһар басшысы волейболшыларды кезекті жарқын жеңістерімен құттықтап, оларға алдағы додаларда да сәттілік тіледі.

 

Алдағы дода демекші, енді өскемендік команда бір-екі күн демалып, кезекті жарысқа дайындықтарын бастамақ. Ол қандай жарыс дейсіз ғой, Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін клубтық Азия чемпионаты. Аталған чемпионат сәуірдің 27-сі мен мамырдың 5-і аралығында өтеді. Биылғы дода «Алтай» қыздары үшін төртінші құрлықтық бәсеке болайын деп тұр. Бұған дейінгі үш жарысты да жерлестеріміз жүлдеге қолсозым жерде, төртінші орында аяқтаған.

 

– Әзірге мақсаттарымыз туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Алдағы күндері облыс әкімінің қабылдауында боламыз. Даниал Кенжетайұлы мен клуб басшылығы алдымызға қандай міндет қойса, соны орындауға тырысамыз. Ал әзірге бізге сәл үзіліс керек болып тұр. Қыздар қатты шаршады. Оның үстіне, Талдықорғандағы ойындар барысында бірнеше беткеұстар ойыншымыз жарақат алып қалды. Оның бірі – Наталья Маммадова. Енді жарақат алған волейболшыларымыздың орнын «Алтай-2» құрамындағы қыздармен толтыру керек. Одан басқа амалымыз жоқ. Сырттан ойыншылар алып үлгермейміз. Өйткені, таяу күндері Азия волейбол конфедерациясына 14 ойыншыдан тұратын команда құрамын жіберуіміз қажет, – деді команданың бас бапкері Юрий Панченко.

 

Айта кетейік, биылғы құрлықтық додада жерлестеріміз А тобында өнер көрсетеді. Бұл топқа біздің волейболшылардан бөлек, жарыстың басты фавориттерінің бірі саналатын жергілікті «Тяньцзинь Бохай Банк» командасы мен Иран, Гонконг және Қытайлық Тайбэй чемпиондары түскен екен. Алғашқы кездесуін жерлестеріміз 27 сәуір күні тайбэйлік командамен өткізбек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив