Пәтерді 1 сағатқа, 1 күнге жалға берушілердің мәселесі қалай болады?

Пәтерді бір сағатқа, бір күнге, бір тәулікке жалға беру мәселесі парламент мәжілісінің кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Пәтерді жалға беретіндер оны «хостел», «апартамент» деп әртүрлі атап алады. Біз осы мәселені заңда реттеуіміз керек. Меніңше, сағатқа, күнге жалға беру ісін мүлде тыю керек. Пәтерлер келіп-кетуші әлдекімдерге емес, тұрақты тұрғындарға арналуы тиіс, – деді мәжіліс депутаты Владислав Косараев.
Оның айтуынша, бұл мәселе көрші Ресейде оң шешілген екен. Сондай-ақ ол осы мәселеге қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің пікірін сұрады.
– Бұл мәселе заңда қарастырылған. Өз пәтерін иесі не істесе де ерікті. Сағатқа жалға бере ме, әлде ұзақ мерщімге ме. Бұл – кейбіреулердің бизнесі. Ал енді пәтерде туындаған шуға байланысты мәселе бөлек. Көршілердің шағымымен жергілікті полицейлер жағдайды реттестіреді, – деп жауап берді Роман Скляр.
– Ресейде қалай шешілгенін мен білмеймін. Ал біз бұны кәсіп қылып отырған адамдардың еркіне шектеу қоймаймыз. Олар, бастысы, салығын төлеп, патент алса және пәтердің тыныш болуына жауап берсе болды, – деп қосып қойды министр.