KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО-да тау басында әйел адамның елесі жүр

5.04.2019, 10:49 266

Бұл оқиға осыдан бірнеше жыл Катонқарағай ауданына қарасты Новохайрузовка ауылында болған деседі.  Тұрғындардың әлі есінде екен.

Сол күні ауа райы тамаша еді. Аспан шайдай ашық. Түс ауып, күн ұясына таяй берген уақыт. Түстен кейін таңғы тірліктен дамылдағандай, ауыл ішінде бір ұйыған тыныштық орнай қалушы еді ғой. Дәл сондай кез болған.

Бір кезде аспан қақ айырылғандай, дүр сілкініп, найзағай жарқылдап кетеді. Аспан болса сол қалпы шайдай ашық. Кенеттен күркіреген күн тұрғындардың зәресін қашырды. Оның қуатынан ауыл маңындағы трансформатор күйіп кетіпті-мыс.

Әлгі құбылыс қалай пайда болса, солай ғайып болады. Аң-таң болысқан жұрт «табиғатты кім түсінсін» деп қолын бір сілтеп, кешкі тірлікке кірісіп кетеді.

Мал-жанның тірлігі қамдалып болған соң, ауыл жастары мен бала-шаға кешке қарай серуенге шығады екен. Ауылдың шетіндегі тау түбінде от жағып, сонда жиналып, ән айтады, ойын ойнайды. Әлгі оқиға болған күні де ескі әдетпен тау бөктеріне жинала бастады. Кенет тау жақтан балалардың шыңғырған дауысы шықты. Әлгі жан ұшыра айғайлаған дауыстар біртіндеп жақындай түсіп, у-шу болған бала-шаға ауылға жүгіріп кіреді. Сол оқтай зулаған қалпы әркім өз үйінің босағасынан аттап барып, тоқтаған екен.

Зәре-құты қалмаған балалар не болғанын әке-шешелеріне айтып береді. Балалар ойнап жүргенде, таудан бір әйел адамның сұлбасы түсіп, бұларға қарай жақындай түскен. Сырт келбеті өте қорқынышты деседі: шашы жалбыраған, өзі аппақ, бейне бір елес секілді. Бұл кезде ауыл шетіндегі үйлердің бірінің тұрғыны балалар шыңғырып қашқанда, тауға қарай қатты жылдамдықпен аппақ түсініксіз бейненің көтеріліп бара жатқанын көзі шалып қалыпты. Велосипедпен жүрген адам болар деп ойлаған екен.

Сол жағдайдан кейін ел арасында бұл оқиға туралы түрлі әңгімелер тарал бастайды. Біреу аппақ кемпір көрдік десе, біреулері – жас әйел болған дейді. Тіпті, ешқандай да елес емес, кәдімгі тірі адам болған деген де нұсқасы бар. Қызық қуғандар бірнеше күн бойы тауды жағалап, «елесті» торуылдапты. Ауылдың ақсақалдары болса, таудың баурайында құрбандық шалып, құран оқытады. Кім болса да, не болса да, әйтеуір, әлгі елес қайта ешкімге көрінбеген екен.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу