Авторы белгісіз. Құнанбаймен Абайға қатысты деректері бар қисса-дастан табылды
Қолжазба құжаттар қай уақытта болмасын құпияның кілті іспетті. Бұдан жарты ғасыр бұрын қазаз бетіне түскен бұл қисса-дастанның Құнанбай және Абай өмірімен байланыста өрбуі оқырманды қызықтырары анық. Авторы белгісіз бұл қисса да қилы-қилы оқиға мен бірқанша дәйекті деректер белірлген.
Қисса-дастанды өлкетанушы, тарихшы Зейнолла Қайсенов 1963 жылы қолжазбадан көшіріп алған.
– Бұл қисса-дастанды ШҚО, Ұлан ауданы, Алғабас ауылының тумасы отан соғысында от кешкен Бейсен Қоңырбаевтан алдым. Ол алғашқы жылдары көрші ауылдардың бірінде ұстаздық қызмет атқарды. Құнанбай ұрпақтарымен туыстық қарым-қатынаста болса керек. Мен мұны 1954 жылы жазылған қожазба дәптерінен көшіріп алдым, – дейді қолжазба иесі тарихшы, өлкетанушы Зейнолла Қайсенов.
Жүсіпханның зары
Сөйлейін өзге сөздің бекер несін,
Таусылмас айта берсем хан кеңесім.
Жамағат құлақ салып тыңдасаңыз,
Айтайын бір жалғыздың әңгімесін.
Ғаламда жан жаралған алуан-алуан,
Опасыз кімнен қалған мынау жалған.
Жамағат құлақ салып тыңдасаңыз
Азырақ сөз жазайын Жүсіпханнан.
Әркімге ұзақ өмір құдай берген
Жақсының даңқы шығар талай жерден
Жүсіпхан бір атадан жалғыз екен
Өнері артып туған Арғын елден.
Мизамға шариғатпен әбден жеткен
Кем емес дәрежесі шалқар көлден.
Жолына Қызылжардың дүние сап
Үш жүздің баласына арыз берген.
Әкесі Жүсіпханның Садуақас
Жүсіпхан артық туған бір гаухар тас.
Өнерге дәулетпенен әбден жеткен
Дүниеде еш адамға етпеген қас.
Кең туған байлықпенен бағлан екен
Байлықпен он төрт лавка салған екен.
Өзінде аға да жоқ, іні де жоқ
Үміт қып төрт қатынды алған екен.
Өлем деп кім ойлайды соры қайнап
Барыпты Қызылжарға малын айдап
Айдаған үш жүз жылқы, бес жүз қойы
Сатыпты базарына әбден жайлап.
Пендеге ажал жақын ертең деген
Қайғыға пенде жоқ қой өртенбеген.
Бір қонып Қызылжардан қайтқан күні
Жолықты қиын тымау зертең деген.
Күн сайын дерт қатты боп шыдамады
Он жеті күн болыпты ұзағаны.
Шақырып жолдастарын қасына алып
Мінеки Жүсіпханның зарлағаны.
Жайнаған қарақаттай екі көзі
Сарғайған зертен соғып қызыл жүзі.
Шақырып жолдастарын қасына алып
Мінеки Жүсіпханның айтқан сөзі.
Келесің немене ойлап қарақтарым
Қосылған жаны жанға манаттарым.
Жаспын деп жалғыздықты ескермеушем
Төрт болып екі көзім алақтадым.
Ғаламға кеңдік еткен патша – Құдай
Тым құрса екеу етіп жаратпадың.
Мұнарлап шыққан күнді бұлт басар
Қалды ғой сондай болып талаптарым.
Дәулетім жиған-терген босқа қалды-ау
Қолымнан қайып қылып жаратпадым.
Жігіттер бұл жалғанға нанбаңыздар
Арманда мен ғаріптей қалмаңыздар.
Тірілмес өлген пенде елге барып
Тәнімді елге артып бармаңыздар.
Бар болса қарыз, ақың түгел айтқын
Әуреге мен ғарыпты салмаңыздар
Қан болды түкіргенім кесек-кесек
Түрінен мынау дерттің аңлаңыздар
Көтеріп мені аттан алыңыздар
Төсекті шатыр тігіп салыңыздар.
Басуға екі аяқтың дәрмені жоқ
Бек нашар бұл уақытта халымыз бер,
Жылайды жолдастары я Құдайлап
Төсегін шатыр тігіп салды жайлап,
Бұрынғы күні барма Жүсіпханның
Шыдамай тұрды сонда соры қайнап.
Тездетіп бұл жігіттер төсек салды
Алдына сегіз жігіт қатар барды.
Ақырын ауыртпастан сүйемелдеп
Сол жерде Жүсіпханды аттан алды.
Көтеріп шатырына кіргізді енді
Өлімнің бар екенін білгізді енді
Бір шыны суық суды ішкеннен соң
Жолдастар жылама деп қойғызды енді.
Атадан туып едім жалғыз қара
Нашарға мен сияқты тәңірім пана
Арт жағым иесіз қалды деп жылаймын
Тұрама жанға араша қатын бала
Жалғыз едім жоғалдым жапан түзде
Артыма сөз жазайын мен бейшара.
Бейсенбі бүгінгі күн хат жазғаным
Келесің сәтті күнім ертен жұма
Артымда өзім өлсем белгі ғой деп
Ақ қағаз қолына алды тоғыз пара.
Жанында ақ күмістен сауыты бар
Ұстайды сырлы қалам сол арада
Хат жаздым арт жағыма таратуға
Үш жүздің жаттық барма баласында
Жүсіпхан менің атым өзім жалғыз
Дұға қып мен жалғызға қарасуға.
Және де арыз жазам Үйсін – жаппас
Өлі адам тірі адамға жауап қатпас.
Ажалды келетұғын кім ойлайды
Пендесі ажал қуған тыным таппас.
Кімде-кім бұл кітапты қолына алса
Білгендер дұғаларын маған сатпас.
Мұсылман сөзім осы тыңдағанға
Арманда жігіт көңілі тынбағанға.
Дарияны жарып шыққан шынар едім
Иіліп тоқтамаспын сынбағанға.
Қайғымен іш құса боп сөз жазайын
Мұсылман сөге көрме жылағанға
Бұрынғы пайғамбардан артықпызба
Дүниеге солар мойын бұрмағанда
Кірсем де темір үйге құтылмаспын
Уақыт дағдыр жетіп шындағанда.
Жүсіпханның жыры
Ағұзыбилла құдай айым
Жараттың өзің адамды
Құдретпенен қор қылдың
Біздей талай пәнденді
Кім ие болып ұстайды
Он төрт лавка базарды
Бір құдайға тапсырам
Көпестің қызы Жамалды
Керек қылдың кең алла
Аманат жанды аларды
Бес күнгідей болмады
Жиырма бес жасты көргенім
Ел таба алмай далада
Зарланып өтер мен бе едім
Жақынымды жауға ұстап
Борышы болса бермедім
Жалғыз туып атадан
Дариядай бақыт өрледім.
Қайыр, зекет берушем
Қай жаққа кетті еңбегім
Төрт қатын алдым үмітпен
Бір шикі өкпе көрмедім
Шам шырақ едім жайнаған
Жаңбыр тимей сөнгенім
Сендерден бүйтіп айрылып
Жалғыз қалар мен бе едім
Сәтсіз күні мал айдап
Ажал қуып желдедім
Ойнап-күлген құрбылар
Топырақ салып көмбедің
Өлім десе нанбаушы ем
Басыма келіп аңдадым
Отыз екі саясат
Түгел оқып талдадым
Көтермей қайда барайын
Тәңірдің басқа салғанын
Тойымы жоқ қара жер
Ел көрсетпей жалмадың
Топтан қалмас ер едім
Кім болар екен ермегім
Қапыл дүние баянсыз
Күшті ғой менің керуенім
Қырдан қашқан түлкідей
Қызықты жалған алдадың
Тас түлек құстай саңқылдап
Соңымнан еріп қалмадың
Пауеске қара арбаға
Төрт ат жегіп парладым
Жаңа шыққан мизамдай
Үгел оқып талмадым
Құдай үшін мал шашып
Қажылыққа бармадым
Ғарафаның тауына
Қолымнан құрбан шалмадым
Байтолланың жолына
Медресе, мешіт салмадым
Тар уақытта қор болдым
Кеңнен орын алмадым
Қажының аулы дегізіп
Бір белгі маған қалмадың
Ойлай берсем таусылмас
Көңлімдегі арманым
Әлде кімге қор болар
Төрт бірдей жас алғаным
Басымнан соққан самалым
Ажалға болмас амалым
Жазуы шығар алланың
Осылай болды заманым
Көпестің қызын алып ем
Мың жорғаға бағалап
Қандай жанға қор болар
Әттең де менің Жамалым
Қаталық ойда жоқ еді
Аллаға қылған қамалым
Өсиетті жақсы айтса
Құлағымды салмадым
Шариғатты жақсы айтса
Надандықпен нанбадым
Арманым қатты дертім зор
Шер құмарға қанбадым
Қариясы кеткен соң
Қараң қалған ел мұңлық
Қаңқылдаған қаз кетсе
Айдын шалқар, көл мұңлық
Ел қонып шөбін жемесе
Сарала біткен бел мұңлық
Аралас жаңбыр жаумаса
Тозаңнан соққан жел мұңлық
Мені жұтып қойған соң
Қаздырған қолдан көр мұңлық
Қайғының бәрін айтайын
Жолдастарым тыңдандар
Хайуан ғой деп әр малды
Жазықсыз басқа ұрмандар
Қиямет қайым болғанда
Жауапты болып қалмаңдар.
Мал асылын айтайын
Бейіштен шыққан қой болар
Қозысын сойсаң қонаққа
Үйіңде жиын той болар
Ол да өріске кетеді
Қойшы қызмет етеді
Кешке жақын болғанда
Ауылға тозаң жетеді
Қозысы бар жас саулық
Қозысын табар маңырап
Қозысы жоқ қу саулық
Әр қозыға барар маңырап
Өз қозысы кеткен соң
Қиын ғой оған табылмақ
Сол сияқты мен сорлы
Ел көрмей қалдым аңырап
Он төрт лавка дүние мал
Бәрі қалды саудырап
Артта қалған төрт бөбек
Жас қалды ғой жаудырап
Жылқы дейтін бір мал бар
Жас жігіттің ырысы
Сүтін ішкен жарлының
Бойдан артар тынысы
Жүйрік атың мысалы
Көңілдің алтын күмісі
Ұшып жүрген қанатың
Күнінде бітер жұмысы
Жалғыз өлсе жоғалды
Болмаған соң жынысы
Сексендегі шал бақса
Он бестегі жас бала
Сүтін ішкен боз бала
Жарлы да болса мас болар
Бұл өлімнің мысалы
Жібімес қара жас болар
Арт жағымда адам жоқ
Дәулетке кім бас болар
Тар заманың мысалы
Жақынға жақын қас болар
Сиыр деген бір мал бар
Зеңгі атаның баласы
Қасиетті жаралған
Өзге малдан бағасы
Түнімен түнеп жүрсе де
Жолынан болмас адасы
Жақсы аттан жығылса
Жаманның қанар табасы
Інісі аттан жығылса
Басын сүйер ағасы
Бір шыбындай жан екен
Періштенің таласы
Жан кеудеден кеткен соң
Сөзімнің болар қаласы
Мекен қылып қалдым ғой
Қызылжардың даласын
Жалғыз болып туған соң
Болмайды екен шарасы
Сиыр деген сол бір мал
Ол да өріске кетеді
Кешке таман болғанда
Өзі ауылға жетеді
Бұзауы бар жас сиыр
Бұзауын табар аңырап
Бұзауы жоқ қу сиыр
Әр жерге барар мөңіреп
Қабырға қолы сөгіліп
Көзінің жасы төгіліп
Сол сияқты мен сорлы
Ел көрмей қалдым көміліп
Түйе деген бір мал бар
Сүйегі жуан ұлықты
Түптен тартып ішеді
Қай-қайдағы тұнықты
Ел көшкенде тер болып
Халқына қылар ұлықты
Боз інгенде бота жоқ
Оны да құдай ұмытты
Сұм дүниеде опа жоқ
Басыма дағдыр жуықты
Аспандағы Шолпан ем
Қарайтып салды булықты
Ашылмаған сандық ем
Жүректен салды кілтті
Алланың досы Мұхамбет
Опасы жоқ дүниеге
Қайсы мойын бұрыпты
Түйе деген сол бір мал
Ол да өріске кетеді
Кешке таман болғанда
Ауылға сәнмен жетеді
Бірінен-бірі озбайды
Ашшы күйді қозғайды
Ботасы бар боз інген
Оған да мойнын бұрмайды
Ботасы жоқ сорлы інген
Үй айнала боздайды
Өз ботасы кеткен соң
Қиын ғой оған табылмақ
Сол сияқты мен сорлы
Жапанда қалдым қамығып
Артта қалған төрт бөбек
Жас қалды ғой жабығып
О дариға мен жалғыз
Жапанда қалдым зарығып
Ағаң болса алдыңда
Үлкен асқар белмен тең
Алтау тусаң атадан
Қаптай көшкен елмен тең
Бәрің тегіс бай болсаң
Сайдан аққан сумен тең
Жарлы деген түк емес
Бір терлеген термен тең
Кәрілік келсе басыңа
Көлден қазған ормен тең
Тіріде көрген аз байлық
Қолдың жуған кірмен тең
Тар заманың мысалы
Жезден тартқан сыммен тең
Жігіттік кетсе бойыңнан
Қылышы жоқ қынмен тең
Білгенге сөзім шынмен тең
Білмегенге жырмен тең
Долы болса қатының
Жүкке жапқан тұлмен тең
Қыздан қалса бір белгі
Алтындап тіккен тумен тең
Інің жақсы болғанда
Өзіңнен туған ұлмен тең
Ұлың жақсы болғанда
Қонағыңа даяшы
Қара мойын құлмен тең
Жалғыз қалдым жапанда
Орным болар кіммен тең
Жүсіпхан осы сөзді айтқан кезі
Толықсып күні кетіп жатқан кезі
Айрылып шыныменен қалдым ба деп
Мінеки Омарбектің айтқан сөзі
Атыңнан айналайын Жүсіпханым
Жаннаттан жаның болсын шаһабаным
Жаныңа құдай шипа берер ме екен
Болайын айтқа шалған қара лағың
Алысты ақылменен жақын қылған
Байлаулы белдеудегі арғымағым
Нашарға пақырменен сусын болған
Райхан пісіп тұрған бау шарбағым
Жүсіпхан өлгенің бе, талғаның ба
Шынымен арыздаспай қалғаның ба?
Айтып кет кетер болсаң ақылыңды
Не деймін Ыбырайға барғанымда
Мен түгіл қазақ, орыс бата алмайды
Сандалып сөз таба алмай қалғаным ба?
Өнерлі өрге жүзген ақ иығым
Қақпаған ешбір пенде қабағыңа
Жүсіпхан өлгенің бе, талғаның ба
Шынымен арыздаспай қалғаным ба?
Мойнымда шаштан қалың борышым бар
Сұранып кешу айтпай қалғаным ба?
Ар жаққа сауда қыла барушы едім
Миллион сансыз теңге беруші едің
Бір жолда мың теңгелік пайда көрсем
Аузымнан айтқан сөзге сенуші едің.
Баласын еш қазақтың жат көрмеуші ең
Ағаңдай бір туысқан көруші едің
Жүсіпхан сол уақытта талып еді
Қайтадан жоқтау айтып көзін ашты.
Қолынан Омарбектің ұстап тұрып
Сөйледі арт жағына үлгі шашып
Сен болдың бұл жалғанда достым дейді
Мен фаниден бақиға көштім дейді
Айтайын бір-екі ауыз ақыл сөзді
Үстіп айт Ыбырайға достым дейді
Дүниенің тұрып болмас жалғанына
Алланың кім көнбейді салғанына
Астыңа қара жорға ат тұлдап мінсең
Ыбырай өзі таныр болғаныңда
Бір сұңқар жолдас болған «30» қарға
Бір күнде мекен салған Қызылжарға
Құрығы Қызылжардың кесе болып
Қарғаны жолықтырды қызыл қанға
Бар еді сол сұңқардың төрт тұғыры
Соларға заһар отын кетті шашып.
Ұйлығып отыз қарға жол таба алмай
Баршасы келе жатыр қайғы басып
Өстіп айт аман тірі барғаныңда
Жылама мен жалғыздың қалғанына.
Ыбырайға Жүсіпханның сәлемі
Ыбырай еді жан достым
Құнанбайдың баласы
Арғы атасы Өскенбай
Тобықтының панасы
Жалғыз достың мен кеттім
Дұшпанның қанар табасы
Хабарласа барушы ем
Партия болса таласы
Жан достыма сәлем де
Жамал атты жарымды
Қажылыққа жіберсін
Ғарафаның тауына
Медресе, мешіт салдырсын
Тар уақытта қор болдым
Қажының аулы дегізіп
Бір белгі маған қалдырсын
Шырақсыз өттім жалғаннан
Шырағымды жандырсын
Жүсіпхан осылай деп бастайды енді
Алланың қосқанынан қашпайды енді
Иманын жеті мәрте тамам айтып
Құбылаға бетін қойып жатқыз дейді.
Бетінен албыраған қаны кетті
Құбылаға тоты құстай сәні кетті
Майдан қылыш суырған секілдеген
Өлшеулі уақытында жаны кетті.
Омарбек қабыл етті өзі молда
Айғайлап азан айтты оң мен солға
Барлығы шуылдасып көп жылайды
Жөнелтіп Жүсіпханды сапар жолға.
Көтеріп шатырына кіргізді енді
Өлімнің не екенін білгізді енді
Қойған соң бетін жауып жылайды енді
Жыламай мұндай ерге шыдай ма енді.
Түйедей шөгін жатқан көр топырақ
Балшықпен бетін жақсы сылайды енді
Басына бір жеті күн түнейді енді
Алладан иман бер деп тілейді енді.
Жатқанмен бұл Жүсіпхан тірілмейді
Жүрмекке түйеге жүгін қойды
Тағыда ер Омарбек ойлайды ойды
Ақылмен көп қайғының бәрін жойды.
Сол жерде Жүсіпханға құран оқып
Содан соң елге қарап сапар қойды
Кешегі ойнап-күлген Жүсіпханның
Заманы бүгінгі күн мұндай болды.
Осылай күн-түн қатып жөнеледі
Арада жатып қонып бөгелмеді
Асығып жатпай-тұрмай тездеп жүріп
Шетіне Тобықтының кез келеді.
Омарбектің өсиеті
Жігіттер бұл жалғаннан өлмеймісің
Кешегі Жүсіпханды көрмеймісің
Қанша сөз қарыз қылып айтып кетті
Хабарын Ыбырайға бермеймісің.
Жігіттер сөйлеместен тұрды қарап
Барлығы бір ауызды өңшен манап
Барлығы сөйлеместен тұрғанында
Бақыршы жетіп келді Садық жанап.
Айтыңыз білгіш туған ер молдеке
Айтқаның сіздің барып жөн молдеке
Қай жігіт сіздей болып сөз табады
Ақ жүзін Ыбырайдың көр молдеке.
Жас бала осылай деп тақылдайды
Басқасы бала сөзін мақұлдайды
Көп ұйғарып ұлықсат бергеннен соң
Омарбек жүреді енді тартынбайды.
Молдекең күн-түн қатып жөнелді енді
Көп тоқтап орта жолға бөгелмеді
Жетелеп қара жорға қолына алды
Ат үстін қараменен жауып алды.
Омбыдан құнанында мың сомға алған
Жорғада одан жорға артылмаған
Үстіне бес жүз сомдық манап жауып
Салбырап құндыз етек жарқылдаған.
Басында алтын ердің камшат бөрік
Құндызы ақ күмістей жалтылдаған
Омарбек келе жатыр я құдайлап
Қалайша айтамын деп мұны жайлап.
Аулына Құнанбайдың жақын келді
Ыбырай жүрген екен бие байлап
Сол жерде Ыбырайға келген кезі
Жолдассыз Омарбекті көрді көзі.
Сол жерде ер Омарбек тоқталмастан
Мінекей Ыбырайға айтқан сөзі
Ассалаумағалейкум Абай аға
Аман ба ауыл-аймақ, бала-шаға?
Үш жүзге ақылменен билік айтқан
Саламат сау күйлі ме кәрі баба.
Абеке-ау, сіз жылама, мен жылайын
Қырсығым толып жатыр арылмаған.
Қолымнан ақ тұйғыным ғайып болып
Қанша жер іздесем де табылмаған
Бір сұңқар жолдас болған 30 қарға
Бір күнде мекен салған Қызылжарға.
Қураған Қызылжары кесел болып
Қарғаны жолықтырды қызыл қанға
Бар еді сол сұңқардың төрт тұғыры
Соларға заһар отып кетті шашып.
Ардақты білгір туған дегдар едің
Бір дәрмен бола ма деп сізге келдім
Уағалейкуміссалам Омарбегім
Байқадым келген жерден сөздің тегін.
Қылыштай қынабында босқа сынған
Қапыда кез болды ма жігітке өлім
Біреуді үйде, біреуді түзде алады
Жалғанға опасы жоқ, бар ма шараң.
Қарсы ұшқан қасқыр көрсе ақ иығым
Қайтпаған қалың жаудан тас түлегім
Сұм жалған алдағаның мынау болды
Арман ғой қолдан топырақ салмағаным.
Баласы Тобықтының бұзылар деп
Жиналған партияға бармағаным
Партия жиын болса барушы еді
Көңілім өнеріне толушы еді.
Ұстасып жандаралмен сотты болсаң
Қиыннан ақыл тауып алушы едің
Пара мен пұл жұмсайтын жері болса
Ақшаны су орнына төгуші едің.
Адамға ажал оғы осы екен ғой
Бола ма бұған етер қарсылық іс.
Басыма жартас құлап кетіп еді
Апырмай осы екен ғой түндегі түс.
Омарбек сен көрінбей отауға түс
Отауда шай да болар қымызды іш
Айтайын енді барып Құнанбайға
Болыпты Тобықтыға бір жиылыс.
Омарбек келіп түсті отау жаққа
Ыбырай жөнелді ғой сол уақытта
Үйіне Құнанбайдың келіп түсті
Байлаусыз қоңыр аты қашып кетті.
Үйіне Құнанбайдың кіріп келді
Әуелі қол қусырып сәлем берді
Құнанбай сонша сыншыл адам еді
Қайғырған Ыбырайдың жүзін көрді.
Ағарып жүзі кеткен сағы түсіп
Жылаумен екі көзі кеткен ісіп
Келбетін Ыбырайдың таныды да
Қолынан ақ шынысы кетті түсіп.
Ыбырайдың әкесі Құнанбайға айтқан сөзі
Шай ішіп қандыңыз ба, тақсыр баба
Мен келдім амандаса бүгін сізге
Ішесің қызыл шайды тәтті екен деп
Құдайға құлшылық ет келсе шама.
Жұмсаймын қажылыққа барамысыз
Сөзіне Әнбибінің нанамысыз!
Алпысқа биылғы жыл жасың жетті
Бармайтын Мәдинәға баламысыз.
Болмаса қажылыққа мен барайын
Артымда дұға істеп тұрамысыз
Аяй ма құдай сізді Құнанбай деп
Күнәға қияметте жанбаймысыз.
Құнанбай осы кезде қысылды енді
Қайғыға бек тұңғиық түсінді енді
Қатты айтты деп ренжіме ей жан ата
Айтайын бүгін көрген түсімді енді.
Шығыпты босағаңа екі терек
Болғанда бірі мейіз, бірі өрік
Құбыладан дауыл соғып, бұршақ жауса
Сүйеген бірін-бірі сүйеуші боп.
Өрігің өз қолында өсіп отыр
Қиыпты мейізіңді құдай болып
Аңғарып сөйлесеңіз баяғыңды
Талдырдым өрге жүріп аяғымды.
Қалың ит қабайын деп қамалап жүр
Сындырдым сермеймін деп таяғымды.
Өрістен қашағанды құтқармайтын
Жылқыдан жау әкетті саяғымды.
Жорыңыз осы түстің атын ашып
От болды ет жүрегім қайғы басып.
Осындай қиын түсті көргеннен соң
Ей ата мен де сізге келдім сасып.
Айналайын қарағым жанай балам
Атаңды көрдей қыстың қалай балам
Азырақ жұмбақ етіп сөздер айттың
Шешейін жұмбағыңды сынай балам.
Айрылып Жүсіпханнан қалғанбысың
Жанаттан орны болсын сарай балам
Дүние бір опасыз жалған шығар
Пәндеден арманда өткен жандар шығар.
Қайғырып сенің бүйтіп жылағаның
Өзіңдей асыл туған бағлан шығар.
Өрістен саяғыңды жау әкетсе
Алыста сапар жолда қалған шығар.
Абырой бақ дәулетті құдай берген
Сөйлейін кез келгенде қызыл тілмен
Құбыладан дауыл тұрып бұршақ жауса
Сөзі ғой падишаның жұртқа келген.
Өрігім қолымдағы сен боласың
Мейізім Жүсіпхан ғой кеткен жөнмен
Сөйлеген айналайын ақылыңды
Сатпай жүр жауға балам жақыныңды.
Бірі атты, бірі жаяу айтыс қылса
Білдірмей сөзбен сүйе пақырыңды
Ұл тумас бұл арғында Жүсіпхандай
Қор болған пенде көп қой дінге нанбай.
Өлгенін Жүсіпханның білдірмей айт
Қаларсың көп дұшпанның табасына
Хабар сал Тобықтының баласына
Қарашы ақылының данасына.
Құнанбай қажылыққа барад деп айт
Естіген халқыңыздың арасына
Тұтқиылда бұл халық нетті дейді
Жүсіпхан дүниеден кетті дейді.
Алысқа сапар жолға кетіп еді
Өзі жалғыз атадан жетіп еді
Өнерге бақытпенен абыроймен
Білімге әбден ойлап жетіп еді.
Қанша сөз қарыз айтқан Ыбырайға
Қайғырдым ей Дүйсеке осындайға.
Бек тату Ыбыраймен достас едім
Қарыздан құтылу керек осындайда.
Осылай болса керек Құнанбайым
Жас өлсе иман берсін бір құдайым.
Жазулы орнына барған шығар
Фанида арманда өткен адам шығар.
Ыбырайдың өксіп-өксіп жылағаны
Өзіндей дегдар туған бағлан шығар.
Сүйген құлын құдайым жасында алмақ
Дегдарды күнәсіз ғып алған шығар.
Дүйсенбек көңіл айтты Құнанбайға
Достықтан құтылуға осындайда.
Адамға өлім шіркін еш хабарсыз
Парыздан құтылуға тірлік жайда.
Солай деп өңшең бағлан шаттанады
Тәубе қып күнә сөзден сақтанады.
Сол күні өңшең бағлан жиылысып
Алпыс төрт кісі болып аттанады.
Ресейден бүгін шығып Омбы барды
Кеш барып, пәтер үйді даярлады.
Түнімен бұлар мұнда жаттыдағы
Таңертең ерте тұрып жүрді тағы.
Сөзіме менің айтқан нанасыз ба
Жамағат құлағыңды саласың ба
Байлығы Жүсіпханның жаннан бөлек
Семейдің Омбыменен арасында.
Ауылға өңшең бағлан келді таяу
Қайғылы барлығының көңлі қаяу
Ыбырай озайын деп ойлап еді
Келген соң аулына енді таяу.
Құнанбайдың Ыбырайға айтқаны
Ей, балам, жүрсің қалай көлбеңдеген
Рұқсат мына жолда бермен деген.
Аулына менен бұрын барам десең
Жүзіңді ақиретте көрмен деген.
Осылай тоқтау салды баласына
Барлығы алып жүрді арасына
Ыбырайды әңгімемен алып жүрді
Аулы ақ өткелдің жағасында.
Жамал жас сол уақытта түзге барған
Алыстан зор қараға көзін салған
Құдай-ай қандай күйге қосасың деп
Жамал жас шошынады Жүсіпханнан.
Жамалжан үйге таман аяңдаған
Елжіреп ет жүрегі қаяуланған
Қасында дәл он жеті нөкері бар
Тіктіріп сегіз шатыр даярлаған.
Шатырға өңшең бағлан келіп түсті
Білгізбес не келгенін бұл жұмысты
Бұл күні бұл шатырға қонақ болды
Барлығы намаз оқып ерте тұрды.
Шай ішіп киімдерін киеді енді
Ордасы тоғыз қанат атпен тіккен
Ордаға өңшең манап кіреді екен.
Астына тоғыз қабат кілем жайып
Үстіне көк шағидан көрпе салып
Отырды көрпе үстінде өңшең бағлан
Болыскей төрт құлақты тегене алып.
Құнекең сол уақытта қысылды енді
Жүгініп сөйлер сөзге түсінді енді.
Қолына бір кесені құйғызып ап
Жамалға шымылдықты ұсынды енді.
Жамал жан бұл кесені қолына алған
Қымызды неғып ішсін сынап барған.
Бір мысқал ұрттағаны білінген жоқ
Жарқырап ақ кесесі қайта барған.
Кесесі толуымен қайтып келді
Хабарды Жамал жастан алып келді
Сол жерде дастарханга құран оқып
Құнекең сөйлер сөзге түсірді енді.
Дүйсеке неге отырсың бекер қарап
Ес бар ма отыруда тамашалап
Туып ең менен бұрын көпті көріп
Сөзіңді кімге айтасың оңашалап.
Маған сөз сөйле дейсің Құнанбайым
Сен барда мен сөз сөйлеп неғылайын
Шымылдықтың ішінде Жамалға айт
Тыңдасын қасындағы Ыбырайың.
Жетпіске келген шақта желікпейін
Табам ба таппаймын ба сөздің жайын
Құтқармас қашағанды ардагерім
Сауырымды басатұғын жорға тайым.
Құнанбайдың сөзі
Істеңіз бір құдайға мінажатты
Дүйсекең маған берді рұқсатты
Үш жүзден сөзге озған ер Құнанбай
Қарыстан білгенінше сөйлеп бақты.
Құнекең төр алдында жүгінді енді
Ағылтып сөйлер сөзге жүгінді енді
Үстінен пұшпақ ішік шешіп тастап
Жел сөзге құдай берген дүрілдейді.
Қарағым айналайын Жамал балам
Мен келдім амандаса бүгін саған
Адамға қазалы өлім келсе жетіп
Ешкімге опа бермес мына жалған.
Келіп ем сағынғаннан құстай ұшып
Жөнін айт Жүсіпханым қайда балам
Барамын қажылыққа еремісің
Шөлдесем қолдан сусын беремісің.
Жүсіпхан алыс жолға кетіп еді
Ей балам көремісің көрмеймісің
Ергенің қажылыққа пайда балам
Басқарып осы істі жайға балам.
Асылдың тұқымы едің бұлбұл құстай
Азырақ мен атаңа сайра балам
Адамға қаза жетсе алаңдар ма
Жалғаннан өлмей тірі қалған бар ма?
Пәнденің осы туған бәрі де өлер
Аз пәнде дүниеге алаңдар ма
Мен бердім лұқсатты Жамал балам
Ішіңде арманыңды сайра балам.
Жас Жамалдың жыры
Түзу айттың бұл сөзді
Айналайын жан ата
Сіз келгеннен білгенмін
Бір сұмдықты бар ата
Қақсата келдің сорлыңды
Құлағыңды сал ата
Рахым қылсын Зұлталал
Қажылыққа бар ата
Алпыс жасқа келгенде
Айғайсыз келдің кәрі ата
Жалғызымнан айрылып
Кең дүнием тар ата
Кешегі жүрген жалғызым
Көрерге болдым зар ата
Сөзімнің басы пісмілла
Айтыйын жұртым мұң тыңда
Көкірегім жер болды
Дүние шолақ құрғырға
Пайғамбар өткен дүние ғой
Жалғанға болар кім тұлға
Өлім шіркін өксітті
Қызыл тілім қимылда
Ажалдың оғын тигізді
Бақшадағы бұлбұлға
Жанымды құрбан қылсам да
Келмейді қайтып мың жылда
Пісміллә деп бастайын
Әуелі сөзді басынан
Жалған сөзді қоспайын
Шариғаттың қасынан
Лебізін жұртқа шығарған
Сұңқарын қолдан ұшырған
Ақ иық туған бағланым
Өнерін жұрттан асырған
Қыс кигізген қызылды
Жаз кигізген жасылды
Былтырғы жылы келгенім
Қайғым бар қатты басымда.
Жылағанға қуат бер
Бір жаратқан құдайым.
Қазақ еді халқымыз
Рахметпен сөз құрайын
Сүйегі жоқ қызыл тіл
Сайратып сені сынайын
Көзімнің жасы көл болды
Арыздаспай қоштаспай
Арманда кеттің жұбайым
Бұтағы жоқ шыбықтай
Бұралып қалай сынайын
Аузыма алып жалындым
Бір жаратқан алланы
Ешкімге опа бермес-ті
Дүние факи жалған-ай
Иман тапқан жігіттің
Жанатқа тура барғаны
Бір ауыз арыз айта алмай
Көңілдің қатты арманы
Жыламайын десем де
Артында жоқ қой қалғаны
Пендеге ауыр болама
Ақ зұл-залал салғаны
Жиылып келдің жарандар
Жүрегімді жарғалы.
Он жеті жаста зарланып
Шырағым менің жанбады
Қарабастың ұрқынан
Өнерлі туған бағланым
Дарияны жүзген шортаным
Аушының түскен қармағы
Иесіз қалды шуылдап
Атамыз адам софыны
Топырақтан жаратқан
Мұсылман кәпір халайық
Ұрқын сонан таратқан
Жеті атадан жалғыз боп
Жеткізген алла талаптан.
Бағыма берген бағланым
Парысы менен ғараптан
Қадірлі болған дегдарым
Дін ислямға талаптан
Мамықтан еді төсегің
Сусын берген шараптан
Мінезі ауыр сұңқарым
Гауһардан ойған сағаттан
Сыртыңыз сұлу тұлпарым
Орманда түлкі жакаттан
Жесірлік басқа кез келді
Ашылмас басым тозақтан
Қателі сөзім бар болса
Айыпқа жазба Зұл-залал
Алланың сүйген пендесі
Ахиретте нұрланар
Пайғампар өткен дүние ғой
Жалғаннан тірі кім қалар
Шерімді қозғап жылайын
Көкіректе шер қалар
Шешендерден тіл қалар
Шеберлерден мін қалар
Екеу болса арман жоқ
Жалғыз өлсе кім қалар
Қабірге қырын кіргенде
Мүңкір-пәңкір келгенде
Раббим алла дегізіп
Рахман ием қасыңа ал
Тәңірдің досы Мұхамед
Шапағат ойлап қолыңа ал
Таңда мақшар күніңде
Достым дей гөр Шадияр
Жалғызымнан айрылып
Кең дүние болды тар
Су орнына жүреме
Сапырып ішкен шекер бал
Жалғызға ара тұра ма
Қисапсыз жиған дүние мал
Жалғыз қалып жапанда
Шыдап жатар ер ме едің.
Сіздің тірлік шағыңда
Бұлтқа қолым сермедім
Саламат келсең сапардан
Осынша қайғы жер ме едім.
Бабасы бар қасында
Ыбырай деген дос келді
Бір ауыз лебіз шығармай
Неліктен досың бос келді.
Қажылық қыл деген сөз
Көңліме жақсы қош келді
Дұшпаным көп досым аз
Неге аяды қу желді
Құрығын тура салған соң
Әкетті шолпан айымды
Төсектей қазған қара жер
Алдымызда дайынды.
Күншілік етіп қасымнан
Аударып алды байымды
Қиямет қайым болғанда
Қалайша етер жайымды