2004-2009 жылдары ипотека алғандар несиелерін төмен пайызбен қайта қаржыландыра алады
2004-2009 жылдар аралығында ипотека алғандар мен баспана үшін қарызды шетел валютасымен алған жандар несиелерін төмен пайызбен қайта қаржыландыра алады.
Бұл жөнінде Ұлттық Банктің Шығыс Қазақстан филиалының қаржылық ұйымдарды бақылау және қаржылық қызмет тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Мұрат Сертаев проблемалық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысына арналған брифингте мәлімдеген болатын.
2015 жылдың сәуір айында қабылданған проблемалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы әлі де жалғасуда. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама екі блоктан тұрады.
– Бағдарламаның бірінші блогы 2004-2009 жылдар аралығында несие алғандарға бағытталып отыр. Осы топтағы несиелерді қаржыландыру үшін Ұлттық Банк 130 млрд. теңге қаржы бөлді. Осы уақыт аралығында ипотекалық несие алған әлеуметтік әлсіз топқа жататын азаматтар жылдық үш пайыз бойынша қарыздарын қайта қаржыландыра алады. Қайта қаржыландыру кезінде несиелерін 240 айға дейін ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған.
Ал екінші блок ипотекалық қарызды шетел валютасымен алғандарға бағыттылған. Мәселен, бұрын адамдар ипотеканы доллар бағамы 120 немесе 180 теңге болған кезде алған. Ал, қазір бір доллар бағамы 370 теңгеден жоғары болып кетуіне байланысты қарыздар екі-үш есе өсіп кеткен. Енді осы бағдарлама арқылы олар 2015 жылдың 18 тамыздағы Ұлттық Банктің ресми бағамы - 188 теңге 35 тиын бойынша қарыздарын қайта қаржыландыра алатын болды, – дейді ол.
Бір айта кетерлігі, валюталық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылдың 15 маусымына дей ін ұзартылды. Бұл кезінде несиесін қайта қаржыландыруға үлгермей қалған борышкерлер үшін үлкен мүмкіндік.
Ұлттық Банк өкілінің айтуынша бірінші блоктегі азаматтардың «Казкоммерцбанк» АҚ, «Қазақстан халық банкі» АҚ, «ForteBank» АҚ, «ЦентрКредит банкі» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Нұрбанк» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Сбербанк России» ЕБ АҚ, «Казинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық компаниясы»АҚ, «Астана Ипотека» және «АФ Ипотека» АҚ-дан алынған ипотекалық несиелері қайта қаржыландыру бағдарламасына енгізілген. Демек, аталмыш банктен 2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық несие алып, кейіннен әлеуметтік әлсіз топ қатарына енгізілген борышкердің несиесін төмен пайызбен қайта қаржыландыруға мүмкіндігі бар.
Ал 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін «ForteBank» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «KZI Банк» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ, «Сбербанк России» ЕБ АҚ, «ВТБ Банк Қазақстан» АҚ, «Альфа Банк» ЕБ АҚ пен «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» АҚ-дан шетел валютасымен алынған несиелер жылдық 12 пайызбен, 183 теңге 35 тиын доллар бағамы бойынша қайта қаржыландыруға жатады.