ШҚО-да заңсыз ауланған 20 тонна балық тәркіленді
Заңсыз 20 тоннаға жуық балық аулаған Өскемен тұрғыны ұсталды.
Оқиға Тарбағатай ауданының аумағында болған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Омбы–Майқапшағай» тасжолының 29-шы шақырымында жүк көлігін тоқтатқан. Жүргізушінің тиісті құжаттарсыз 20 тоннаға жуық көксерке мен табан балығын тасымалдап бара жатқаны анықталды. Келтірілген жалпы шығын 116 миллион теңгеден асады.
«ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған бапта 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», - деді ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Думан Қожахметов.
Айта кетейік, браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында облыс аумағында «Браконьер» жалпыреспубликалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.