Өскемендік оқушы республикалық байқауда топ жарды

Республикалық «Қасиетті Домбыра» байқауы қорытындыланды.
Шығыс Қазақстан облысы атынан сынға түскен 8 сынып оқушысы Айзере Зарыққанқызы «Ең үздік күйші» номинациясы бойынша 3-орын иегері атанды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Байқауды қазақ мәдениетінің қазынасы – домбыраның құндылығы мен маңыздылығын арттыру және жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін ояту мақсатында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» ЖҚ-ның ұйымдастырғанын айта кетейік.
«Қазақтың күй өнері арқылы жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгні қажетті, кезек күттірмес мәселе. Қасиетті күйімізді дәріптеп жүрген жерлесіміз Айзереге және осындай үлгілі ұрпақ өсіріп отырған ата – анасымен ұстаздарына алғыс білдіремін» - деді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангул Жумадилова.
Жалпы байқау «ДОМБЫРАДАҒЫ ЕҢ ҮЗДІК COVER», «ҮЗДІК КҮЙШІ» (төкпе күй), «ҮЗДІК КҮЙШІ» (шертпе күй) деген үш номинация бойынша өтті.
«Қасиетті домбырамызды әспеттейтін маңызы терең, мағанасы зор шара ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Сонымен қатар Айзеренің анасы ретінде осы бағытта жақсы жетістікке жетуіне үлкен үлес қосқан жетекшісі Бағдат Құмарғалиқызына ерекше ризашылығымды білдіріп еңбегін атап өткім келеді» - деп лебіз білдірді жас күйшінің анасы.
Оқи отырыңыз