Биыл Риддерде жаңа мектептің құрылысы басталады. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов Риддер қаласына жұмыс сапары барысында айтты.
Аймақ басшысы Риддердегі 508 бала тәлім алып жүрген "Шаңырақ" мектеп-гимназиясына барды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Айта кетсек, әлеуметтік желіде бұрын спорт залы орналасқан қосымша ғимараттың фотосуреттері резонанс тудырған болатын. Әкімнің айтуынша, бұл негізсіз резонанс.
- Бұл ғимарат оқу процесінде қолданылмайды. Сондай-ақ, оқушылар оған қол жеткізе алмайтындай етіп орналастырылған. Жақын арада оны толықтай бұзып, абаттандыру бойынша барлық қажетті құқықтық рәсімдер жүргізілмек. "Шаңырақ" мектебінің екі ғимараты қуантарлық жағдайда, кабинеттер жылы, жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл спорт залындағы терезелерді ауыстыруға және оқу процесіне қажетті IT техниканы сатып алуға 60 миллион теңге бөлінеді. Сондай-ақ, қасбетті жөндеу жұмыстары қолға алынады. Мен балалармен, ата-аналармен және мұғалімдермен сөйлестім, ешқандай проблемалық сұрақтар жоқ, - дейді әкім.
Айтуынша, жұмыс істемейтін қосымша ғимараттың бұзылатыны туралы мектеп әкімшілігі оқу жылының басында хабардар еткен. Сонымен қатар, аймақ басшысы өткен жылы Риддерде мемлекеттік және орыс тілдерінде оқытатын 600 орындық жаңа мектептің ашылғанын алға тартты.
- Өткен жылдың қыркүйегінде Риддерде мемлекеттік және орыс тілдерінде оқытатын 600 орындық жаңа мектеп ашылды. Яңни, ата-аналар мектеп таңдау еркінде. Және де биыл Риддерде тағы бір мектептің құрылысы басталады, - деді Даниал Ахметов.