Қазақстанға «Комирнати» вакцинасы әкелінді
Қазақстанға КВИ-ге «Комирнати/Омикрон» (Пфайзер) вакцинасының 500 мыңнан астам дозасы түсті.
Коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықты одан әрі тұрақтандыру, ұжымдық қорғау деңгейін ұстап тұру және қазақстандықтар үшін вакцинациялауға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі Словакия Республикасымен «Комирнати/Омикрон» (Пфайзер) вакцинасының 500 мыңнан астам дозасын өтеусіз негізде жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Комирнати/Омикрон» вакцинасы өңірлер бойынша таратылады және коронавирус инфекциясына қарсы ревакцинациялау үшін қолжетімді болады.
«Комирнати/Омикрон» вакцинасы бұрын КВИ-ға қарсы вакцинациялаудың бастапқы толық курсын алған 12 жастан асқан адамдарды ревакцинациялау үшін ғана ұсынылады. Бұл вакцинаны вакцинациялаудың толық курсы үшін қолдануға болмайды.
Вирустың айналымдағы және үнемі өзгеріп отыратын штамдарынан жақсы қорғауды қамтамасыз ету мақсатында вакцина өндірушілер вирустың штамдық құрамына тұрақты мониторинг жүргізеді және вакциналардың құрамын жаңарту бойынша шаралар қабылдайды. «Комирнати/Омикрон» вакцинасы - бұл коронавирус штамының жаңа нұсқаларын ескере отырып жаңартылған және BA.5 субварианттары бар вакцина.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында вакцинацияның толық курсын алу, сондай-ақ халықты ревакцинациялау үшін «КазВак» (ҚР), «Синофарм» (Қытай), «Комирнати» (Пфайзер, АҚШ) вакциналары бар.