Әділет капитаны әскерге шақырылғандармен әңгімелесті – ШҚО
Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментте мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жүріп жатыр.
Азаматтарды әскерге шақыру талабына сәйкес, жергілікті әскери басқару органдарына іріктеу жұмыстарын жүргізу жүктелген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әділет капитаны Әсет Омарбеков психологиялық, кәсіби және медициналық тексерістен өткізетін мамандармен, әскерге шақырылушылармен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында заң бұзушылыққа жол бергендерге қандай жаза қарастырылғаны жөнінде айтылды.
– Мерзімді әскери қызметке шақырылғандармен мұндай кездесулер өткізу дәстүрге айналған. Сондай-ақ мұнда Отан алдындағы борышын өтеуге ниетті жастардың денсаулық жағдайына, психологиялық тұрғыдан тексеріс өткізетін мамандармен де тілдесіп жатырмыз. Себебі, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – басты мақсатымыз. Заң бұзушылыққа жол бергендерге қолданылатын шаралар туралы да таныстырдық, – деді Әсет Омарбеков.
Отан алдындағы борышын өтеуге келген жастар жағы мұндай шаралардың ұйымдастырылуы аса маңызды екенін айтады.
– Әскери қызметті өтеуге өз еркіммен келіп тұрмын. Заң талаптарын барлығымыз сақтауымыз керек. Отан алдындағы борышымызды өтеуге келгендіктен өз құқығымыз бен міндеттерімізді білуіміз керек, – дейді мерзімді қызметке шақырылушы Досжан Уәлиев.