Риддер: жұмыспен қамту мәселесі жолға қойылды
Риддер қаласында тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі жолға қойылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мәселен биыл 1187 адам жұмысқа тұруға өтініш білдірген. Бұл туралы кенді қаланың әкімі айтты.
– Жұмысқа орналастыру бойынша 1074 қызмет көрсетілді. Азаматтар қажетті 19 мамандық бойынша оқытудан және қайта оқытудан өтті. 23 адам жастар тәжірибесі бойынша, 39 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. 5 адам алғашқы жұмысына ие болды. «Күміс жас» жобасы бойынша 1 адам жұмыс орналасса, 346 жұмыссыз тұрғын қоғамдық жұмыстарға тартылды, – деді Дмитрий Горьковой өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің сөзіне сүйенсек, білікті кадрлардың бос жұмыс орны жұмыс күші артық өңірлерден отбасыларды көшіріп әкелу есебінен толығып жатыр. Мәселен Риддерге бүгінге дейін 25 отбасы (81 адам) көшірілген. Соның ішінде 31 адам жұмысқа орналасыпты.
– Сондай-ақ 3 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Бұл кезде мүмкіндігі шектеулі жандар, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың жұмысқа орналасуына жағдай жасалды. Жалпы саны 14 адам жұмысқа орналасты, – деді Риддер әкімі.