ШҚО: мүмкіндігі шектеулі жандардың 90 пайызы оңалту қызметімен қамтылады
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. ШҚО-да да халықтың осы санатын әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі.
Бұл туралы ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанова мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Айта кету керек, облыста бүгінгі таңда мүгедектігі бар 28 мыңға жуық адам тұрады. Ерекше күтімді қажет ететін жандардың құқықтарын қорғау және тұрмыс сапасын арттыру 2025 жылға дейін бекітілген ұлттық жоспар аясында іске асырылмақ. Ал биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енетін жаңа Әлеуметтік кодексте де осы санаттағы азаматтар үшін жаңашылдықтар мен оң өзгерістер қарастырылған.
Сонымен қатар Ұлттық жоба аясында 198 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылған. Сонымен қоса олар өз кәсібін ашуға да мүмкіндік алып отыр. Мәселен, биыл 43 адам business.enbek.kz порталы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгерген. Ал оның 18-і бизнес-идеясын іске асыруға 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алуға өтінім берген.