700-ден астам нысан мүмкіндігі шектеулі тұрғындар үшін қолжетімді болмақ
Фото: ашық дереккөзден
Шығыс Қазақстанның елді мекендеріндегі объектілер ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді болады.
Алдағы екі жыл ішінде өңірде бірнеше жүздеген ұйымдар өз ғимараттарын халықтың мобильділігі төмен топтарына ыңғайлы ету үшін жабдықтайды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанова мәлімдеді.
– Халықтың мобильділігі төмен топтары үшін кедергісіз орта құру үшін 2025 жылға дейін өңірдің 720-дан астам объектісін жабдықтау жоспарлануда. 2021 жылы 198 нысан, өткен жылы 147 нысан бейімделді. Биыл 155-тен астам әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделуі тиіс, – деді Динара Қожанова.
Айта кетейік, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау бойынша шаралар кешенін іске асыру – бұл Қазақстан Республикасы Президентінің "Әділ Қазақстан – әркімге және барлығы үшін. Қазір және әрқашан" сайлауалды бағдарламасын іске асыру жоспарының бір бөлігі болып табылады.