Әскери борышын өтеген сарбаздар үйлеріне қайтты – ШҚО
Өскемен гарнизонына қарасты 27943 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметі аяқталған сарбаздар туған жерлеріне оралды.
Әскери бөлімде өздерінің Отан алдындағы борыштарын абыроймен өтеген сарбаздарды шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бір жыл бұрын әскер қатарына шақыртылған жас сарбаздар бүгінде Отан қорғау ісінің қыр-сырына қанығып, құрыштай шынықты.
Запасқа шығарылған сарбаздарға құрмет көрсетіліп, әскери бөлімнің саптық алаңында шара ұйымдастырылды. Жауынгерлік даярлық барысында жоғары нәтиже көрсеткен ең үздік сарбаздар алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ сарбаздар саптық адыммен ортаға шығып, бөлімнің жауынгерлік туымен қоштасты. Оларға әскери іс-шаралар мен оқу-жаттығулардан естелік ретінде фотоальбомдар таратылып, бірқатар үздік сарбаздарға арнайы дайындалған ту астындағы фотосуреттер салтанатты түрде табыс етілді.