Аблакетка тұрғындары мешіт салып жатыр

Аблакетка шағын ауданының тұрғындары өз күштерімен мешіт салып жатыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Өскемендегі ең алғашқы мешіттердің бірі де осы Аблакеткада болған көрінеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
1993 жылы саманнан салынған бұрынғы балабақша ғимаратын мешітке айналдырған. Аталмыш жұмыстар 1995 жылы аяқталып, мешіт есігін айқара ашқан. Арада біраз уақыт өткен соң ғимарат тозып, жөндеуді қажет ете бастаған. Десе де, жөндеу жұмысына келіскен мердігер тек 2018 жылы табылды. Ол ескі ғимаратты бұзып, жақын маңнан жаңа мешіттің іргетасын қалағанымен, құрылыс жұмыстары басталмаған.
Оған бейжай қарай алмаған тұрғындар жақында өз күштерімен құрылысқа кірісіп кеткен.
Екі аптаның ішінде мешіттің қабырғасы тұрғызылған. Жоба бойынша мұнда дәрет алуға арналған орын және еске алу іс-шараларына арналған зал салу жоспарлануда.