Семейдегі мешіттің пайдалануға берілетін нақты уақыты айтылды
Семейде Абай атындағы жаңа мешіт осы күздің соңына шейін пайдалануға берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат шаһар басшылығының Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Мешіт құрылысы 2008 жылы басталған болатын. Дегенмен әртүрлі себептермен бүгінге дейін созылып келді. Сақалды құрылысқа жеке қаржысын салып, толығымен аяқтауға Тастекеевтер отбасына тиесілі жергілікті құрылыс компаниясы ниет білдірді.
Ғимараттың құрылысына Түркістан облысы да көмек қолын созды. Қазір олар мешіттің айналасын абаттандырумен айналысып жатыр.
Жоба бойынша мешітте 3 мың адам бір уақытта намаз оқи алады. Ғимараттың ішінде діни жоралғыларды өткізуге арналған кең бөлмелер мен қатымхана қарастырылған. Мешітке апаратын жаяуларға арналған бірнеше көпір және 500 көлік сиятын автотұрақ салынады.
«Айналма жол мешітті айналып өтеді. Келешекте оның жанынан медресе де салынады» дейді құрылыс учаскесінің бастығы Нұрлан Жүнісов.
Қазіргі таңда жұмыстың 85 пайызы аяқталған. Жаңа мешіт қараша айында пайдалануға беріледі.