KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 2 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Қонақжай отбасы: Ата-аналар жобаның екінші кезеңін өткізуді сұрайды

Фото: moldir-bulak.kz

14.06.2023, 11:22 839 Ләззат Қанатқызы

Биыл өңірде алғаш рет тіл үйренуге арналған «Қонақжай отбасы» жобасы іске қосылды.

10 маусым күні тіл үйренуге ниетті 12-14 жас аралығындағы 68 бала Катонқарағай ауданына аттанған болатын, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Кеткендеріне ұзақ уақыт болмаса да, балалардың ата-аналары пилоттық жоба туралы жақсы пікірмен бөлісіп жатыр. Ал тіркеліп үлгермегендер жобаның екінші кезеңін ұйымдастыруды сұрап жатқан көрінеді.

Айта кету керек, «Қонақжай отбасы» жобасы аясында балалар 20 күн бойы тіл үйреніп қана қоймай, экскурсияларға, мұражайларға, табиғи қорықтарға барады. Ол үшін арнайы бағдарлама дайындалған.

- Біздің мектептен пилоттық жобаға қатысу үшін көптеген өтінім түсті, бірақ 4 бала ғана таңдап алынды. Менің ұлым да, өкінішке қарай, ол тізімге ілінбей қалды. Балалар Катонқарағай ауданына барып, тіл үйренумен шектелмей, түрлі экскурсияларға барады, жаңа орта қалыптастырады. Қалада ондай орта жоқ. Сондықтан біз жобаның екінші кезеңін ұйымдастыруды сұраймыз, - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Татьяна Лазарева.

Білім басқармасы мамандарының айтуынша, жобаға қатысу үшін тек ШҚО-дан емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен өтінім жіберген. Келіп түскен 130 өтінімнің ішінен 68 бала іріктеп алыныпты.

- Балалады іріктеп алу кезінде мектептен тыс тіл үйренуге мүмкіндігі жоқ орыстілді отбасылардың балаларын ғана таңдап алдық. Балалар ауылда 20 күн болады. Биыл жобаның екінші кезеңін ұйымдастыруды жоспарлап отырған жоқпыз, - деді ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов «Қонақжай отбасы» жобасының ауқымы алдағы жылдары кеңейтілетінін айтып отыр. Болашақта Күршім ауданына да ұйымдастыру жоспарланған.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу