Үш мыңнан астам дәрі-дәрмек қосымша құн салығынан босатылды
Елімізде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін медициналық қызметтер және дәрілік препараттар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуден босатылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа тәртіпке сәйкес, ҚҚС-тан босатылған дәрілік заттардың тізіміне 3000-нан астам атау енгізілді. Оның ішінде 1200-і әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған. Бұл препараттар көтерме және бөлшек саудада сату кезінде де ҚҚС-сыз өткізіледі.
Сондай-ақ сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалту бойынша медициналық қызметтерге ҚҚС салынбайды. Бұдан бөлек, ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттар өндірісінде қолданылатын импорттық фармацевтикалық субстанциялар да салықтан босатылды.
Аталған нормалар 2025 жылғы 31 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1203 қаулысымен бекітілді және 2026 жылғы қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі аясында іске асырылады.
Қабылданған шешім пациенттерді қолдауға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ медициналық ұйымдардың қаржылық жүктемесін азайтуға және отандық фармацевтика саласын дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, жаңа Салық кодексіне сәйкес көтерме және бөлшек сауда сегменттерінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату кезінде ҚҚС-тың төмендетілген мөлшерлемесі енгізіледі. 2026 жылғы қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 5 пайызды, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 пайызды құрайды.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, рецептілік дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, өткен жылдың ортасында бөлшек сауда желісіндегі дәрілік заттарға шекті баға белгілеу тетігі енгізілген болатын. Нәтижесінде қазіргі таңда 3780 атау бойынша дәрі-дәрмек бағасы орта есеппен 26 пайызға төмендеген.
2025 жылы шекті бағаны бұзудың 28 фактісі анықталып, жалпы сомасы 5,7 миллион теңгеге әкімшілік хаттамалар толтырылған. Азаматтар дәріханалардағы дәрілік заттардың өзекті бағасын Dari.kz мобильдік қосымшасы арқылы тексере алады.