KZ
Өскемен
-11°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
507.05 594.82 6.51

Туристік іс-шаралар тізбесіне ШҚО-да өтетін екі фестиваль енді

14.01.2026, 13:30 148 Ержан Әбіш

Туризм және спорт министрлігі 2026 жылға арналған мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесін әзірледі. Құжатқа еліміздің барлық 20 өңірінде өтетін 55 ірі мәдени, туристік және спорттық іс-шара енгізілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Күнтізбе ішкі туризмді дамытуға, туристік бағыттарды кеңейтуге және өңірлік брендтерді ілгерілетуге бағытталған. Тізімге Шығыс Қазақстан облысында маусым және қараша айларында өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі мен «Салбурын» дәстүрлі аңшылық фестивалі де еніп отыр. Онда мәдени және этномәдени фестивальдер, спорттық жарыстар, гастрономиялық және экологиялық бағыттағы оқиғалар қамтылған. Бұл туристерге қызығушылықтары мен маусымдық ерекшеліктерді ескере отырып, сапарларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Жоспарланған іс-шаралардың басым бөлігі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Мұндай бастамалар өңірлерге деген тұрақты қызығушылықты қалыптастырып, оқиғалы туризмнің жүйелі дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар көптеген жобалар бизнес өкілдерінің қатысуымен немесе демеушілігімен өтеді. Бұл іс-шараларды бюджетке қосымша салмақ салмай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Туристер үшін ыңғайлы болу мақсатында іс-шаралар күнтізбесі орналастырылған арнайы www.event.qaztourism.kz веб-платформасы іске қосылды. Бұл ресурс арқылы іс-шараларды өткізу уақыты, өңірі, санаты мен ауқымы бойынша оңай әрі жедел іріктеуге болады.

2026 жылға арналған мәдени-туристік күнтізбе Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында әзірленді. Бастама оқиғалы туризмді кешенді дамытуға, өңірлердің туристік бірегейлігін нығайтуға, цифрлық шешімдерді енгізуге және Қазақстан бойынша саяхаттардың тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу