KZ
Өскемен
-17°
туман жел 2 м/с, СШ
509.75 594.67 6.46

Қарғын суға қаншалық дайынбыз? – ШҚО

Кеше, 17:30 76 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірдегі өзен-көлдерде су деңгейі тұрақты, қауіпті межеден асқан жоқ. Барлық гидротехникалық құрылыстар бақылауда, бөгеттердің бұзылуы немесе судың тасуы тіркелмеген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Су тасқыны қаупі бар елді мекендер тізіміне 71 ауыл мен қала енгізілген. Бұл аумақтарда 3573 тұрғын үй орналасқан, 8638 адам тұрады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Риддер қаласы мен Глубокое, Катонқарағай, Шемонаиха, Алтай, Самар, Марқакөл, Үлкен Нарын, Ұлан және Күршім аудандарында дайындық аясында 28 іс-шара жүзеге асырылды.

Оның ішінде 900 метр қорғаныс бөгеттері жөнделіп, 13 мың метр аумақта өзен арналары тереңдетілді, түзетілді, арықтар тазаланып, су өткізу арналары салынды. Сонымен қатар көпірлер мен автомобиль жолдарын салу және жөндеу бойынша 4 іс-шара атқарылып, бір гидротехникалық нысан жаңғыртылды.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда 3106 адам, 674 техника, 11 тікұшақ, 89 жүзу құралы және 242 мотопомпа жұмылдырылмақ. 21 мың адамға арналған 182 уақытша орналастыру пункті дайындалды. Халықты құлақтандыру үшін дабыл беру құрылғылары, СМС-хабарламалар, телерадиоарналар, «Дәрмен» қосымшасы және «Mass Alert» жүйесі пайдаланылатын болады.

Сондай-ақ облыс әкімі ахуалдық орталығының бірыңғай мониторинг жүйесі су тасқыны жағдайын тәулік бойы бақылап отыр. Жүйе су деңгейі, ағыс жылдамдығы мен мұз жағдайы туралы деректерді автоматты түрде жинап, талдайды. Жасанды интеллект модулі 49 гидропост бойынша апталық болжам жасап, қауіп-қатерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

Жалпы, өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық инженерлік, техникалық және цифрлық тұрғыда кешенді түрде жүргізілуде. Қабылданып жатқан шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу