«Ауыл аманаты» арқылы Тарбағатай тұрғыны кәсібін дөңгелектеді
Тарбағатай ауданындағы Жаңаталап ауылында жеңіл көліктер мен жүк көліктеріне арналған заманауи дөңгелек жөндеу қызметі іске қосылды. «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпкер Ербол Бітібаев 9,8 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, арнайы жабдықтар сатып алған. Бүгінде ғимарат толықтай дайындалып, алғашқы тұтынушыларына қызмет көрсетуде, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жаңа қызметтің іске қосылуы өңірдегі көлік логистикасы мен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жүк көліктері үшін үлкен қолдау болмақ. Бұған дейін жүргізушілер дөңгелектерін ауыстыру немесе жөндеу үшін аудан орталығына немесе басқа елді мекендерге баруға мәжбүр болса, енді бұл қызметті өз ауылында алуға мүмкіндік туды.
Жоба ауылдағы жеке кәсіпкерлер үшін уақытты үнемдеп қана қоймай, қосымша шығындарды да азайтуға жол ашып отыр.
Жаңаталап ауылында ашылған бұл кәсіпорын жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік берді.
Осындай нақты жобалар арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлерде бизнесті дамытуға, халықтың табысын арттыруға және инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған тиімді тетік екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.


