Шығыс Қазақстан облысының медициналық автопаркі 36 жаңа көлікпен толықты
Шығыс Қазақстан облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Өңірдің медициналық автопаркі 36 жаңа арнайы санитарлық автокөлікпен толықты. Бұл қадам жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі болып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Автопаркті жаңарту аясында облыстық жедел жәрдем қызметіне заманауи үлгідегі 36 көлік берілді. Олардың қатарында С класындағы 4 реанимобиль, В класындағы 26 және Б класындағы 6 автокөлік бар.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл бағыттағы жұмыстың басты межесі тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтау екендігін атап өтті. Жаңа автокөліктердің барлығы қазіргі заман талаптарына сай медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және шұғыл көмек көрсетуге толық дайын.
Аймақ басшысының айтуынша, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі соңғы рет 2020 жылы ауқымды түрде жаңартылып, сол кезде 75 көлік сатып алынған. Биылғы толықтыру – денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытындағы жоспарлы жұмыстың заңды жалғасы.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысында жедел жәрдем қызметі тәулік бойы, демалыс және мереке күндеріне қарамастан үздіксіз жұмыс істейді. Күн сайын диспетчерлік қызметке мыңдаған қоңырау түсіп, жүздеген шақыртуға бригадалар жіберіледі. Тек 2025 жылдың өзінде жедел жәрдем қызметкерлері 251 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсеткен. Олардың басым бөлігі шұғыл және жедел санатқа жатады. Ал сәтті өткен реанимациялық шаралардың көрсеткіші 73,1 пайызды құрап, медицина мамандарының кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетіп отыр.
Нұрымбет Сақтағанов медициналық авиацияның да маңызын атап өтті. Жыл бойы ондаған әуе рейсі мен жерүсті көлігі арқылы оқиға орнында ота жасалып, науқастар Өскемен қаласындағы медициналық мекемелерге дер кезінде жеткізілген. Сондай-ақ, жүздеген қашықтан және бетпе-бет кеңестер өткізіліп, күрделі жағдайларда нақты әрі салмақты шешімдер қабылданған.
Қазіргі таңда облыстық жедел медициналық жәрдем қызметінің құрамында 25 қосалқы станция, Өскемен қаласындағы ірі станция және бүкіл өңір аумағында тәулік бойы жұмыс істейтін 60 жылжымалы бригада бар. Жаңа автокөліктер кең аумақты әрі географиясы күрделі Шығыс Қазақстан жағдайында медицина қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдетпек.
Жалпы, жаңа жедел жәрдем көліктері – бұл тек автопаркті жаңарту емес. Бұл – науқасқа уақтылы жету, медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау және ең бастысы адам өмірін сақтап қалуға бағытталған нақты қадам.
Кілт табыстау рәсімінен кейін өңір әкімі Шығыс Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының жұмысымен танысып, диспетчерлік қызмет пен жылжымалы бригадалардың еңбек жағдайын көрді.
Дамир Омаров
Фото: Артем Жигулин
Видео: Жәнібек Ырысбай













