KZ
Өскемен
-27°
туман жел 1 м/с, С
509.63 592.34 6.54

Былтыр елімізде 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды

13.01.2026, 15:00 123 Ержан Әбіш

2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстанда индустриялық даму мен экономиканы әртараптандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл қорытындысы бойынша елімізде 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын пайдалануға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа өндіріс нысандары Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде орналасқан және машина жасау, қара және түсті металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру секілді салалардың кең ауқымын қамтиды. Іске қосылған кәсіпорындар отандық өндірістің әлеуетін арттырып, өңірлік экономиканың дамуына серпін берді.

Атап айтқанда, ірі жобалардың қатарында Алматы қаласындағы «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауыты бар. Жобаның инвестиция көлемі 182 млрд теңгені құрап, 3 600 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын жылына 120 мың жеңіл автокөлік шығаруға қауқарлы. Қостанай облысында «KIA Qazaqstan» және «KamLitKZ» зауыттары іске қосылып, автомобиль және машина жасау саласында өндіріс көлемі айтарлықтай ұлғайды.

Павлодар, Қарағанды облыстарында ферроқорытпа, ферросилиций және металлургия өнімдерін шығаратын жаңа кәсіпорындар жұмысын бастады. Ал Шымкент, Түркістан, Алматы, Атырау, Ақтөбе және басқа да өңірлерде химия, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған бірқатар зауыттар іске қосылды.

Жалпы алғанда, жүзеге асырылған 33 жоба аясында 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, экономикаға 841 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіштер еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етті.

Мамандардың айтуынша, жаңа өндірістердің іске қосылуы Қазақстан экономикасының тұрақты өсуіне берік негіз қалыптастырып, отандық өнім үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу