Ірі үш елді мекенде жаңа мектеп салынады – Глубокое ауданы
Соңғы жылдары көшіп келушілер есебінен халқының саны өсіп келе жатқан Глубокое ауданының ірі үш елді мекенінде жаңа мектептер салынады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ауыл-аймақтан көш түзеген жұртшылықтың қай кезде де қаланың өзіне болмаса да, іргелес орналасқан ауылдарына қоныс тебетіні белгілі. Бұл, бірінші кезекте, ауылдықтардың қала өміріне бейімделуін жеделдетсе, екіншіден, экономикалық жағынан тиімді. Өйткені көшіп келушілердің көпшілігінде қала ортасынан пәтер сатып алатын қомақты қаражаты болмайтыны анық.
Бүгінде осындай ауыл жұртшылығын қызықтырған әлеуеті жоғары аудандардың бірі – Глубокое ауданы екені рас. Әсіресе қоныс аударушылар ауданның Белоусовка, Опытное поле және Прапорщиково сынды елді мекендеріне келіп қоныс тебеді. Осы себепті кейінгі жылдары аталмыш ауылдарда бала саны да көбейіп, орта білім ордаларына деген қажеттілік артты. Мұны ескерген өңір билігі ел аумағында жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жоспарланған он мектептің үшеуін аталған елді мекендерде салуды ұйғарған. Яғни алдағы екі жыл төңірегінде Глубокое ауданында 900 оқушы орнын қамтитын үш орта білім ордасының ғимараты осы ауылдарда бой көтереді. Атап айтсақ, Белоусовка кенті мен Опытное поле және Прапорщиково ауылдарында 300 орындық бір мектептен салынатын болады.
Бүгінде мектептерді салатын орындар анықталып, ауданның жергілікті атқарушы органдары жер телімдерін белгілеп те қойған.
Биыл Белоусовка кенті мен Опытное поле ауылындағы екі мектептің жобалау және құрылыс жұмыстары басталып, келер жылы пайдалануға беріледі. Ал Прапорщиково ауылындағы білім ордасының құрылысы келер жылы басталып, пайдалануға 2025 жылы берілмек.
Бұл ұлттық жобаны іске асыру арқылы қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жою көзделген. Жайлы мектептердің тағы бір ерекшелігі – бастауыш және жоғары сынып оқушыларының бөлек ғимараттарда оқуы. Олардың әрқайсысында психолог және логопед, роботты техника, биотехнология кабинеттері, STEM зертханалары, хореография залы, коворкингтер болады.