Аула тұрғындар жобасы бойынша жөнделіп жатыр – Өскемен
Фото: yk-news.kz
Қабанбай батыр көшесіндегі 154-ші үйдің ауласы тұрғындардың жобасы бойынша абаттандырылып жатыр.
Бұл – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жөнделетін 16 ауланың бірі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі
Көпқабатты үйдің тұрғындары ауланы абаттандыруға ақпан айында өтініш берген. Кейінірек қала әкімдігі тұрғындар ұсынған жобаны мақұлдады.
Жоба бойынша екі жолақты аулаішілік жол, тротуар және жаңа ойын алаңы салынады. Сондай-ақ көлік тұрағын оңтайландыру жоспарда бар.
«Бұл аула қала әкімшілігі мен тұрғындардың тығыз қарым-қатынасының үлгісі», – дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.
ТКШ бөлімінің ақпараты бойынша, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 16 ауланы жөндеуге 500 миллион теңге бөлінген. Абаттандыру жұмыстары Қала күні қарсаңында аяқталады деп жоспарланған.