KZ
Өскемен
-8°
туман жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да Ұлттық Олимпиада комитетінің 30 жылдығына орай салтанатты жиын өтті

29.08.2023, 14:00 586 Ләззат Қанатқызы

Облыс орталығында ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. 
Жиынға еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген шығысқазақстандық спортшылар, бапкерлер, ардагер спортшылар мен ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Серік Қасқабасов қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Еліміздегі Ұлттық Олимпиадалық комитетінің миссиясы – Олимпиадалық қозғалысты дамыту және оны қорғау, Олимпиадалық құндылықтарды насихаттау болып табылады. 

– 30 жыл бұрын ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті Халықаралық Олимпиадалық комитетінің мойындауына ие болған еді. Осы жылдар аралығында орасан зор жұмыстар атқарылып, көптеген жетістік пен жеңіске жеттік, талай жеңіліспен бетпе-бет келдік. Шығыс Қазақстаннан Олимпиада ойындары мен әлемдік жарыстарда оқ бойы оза жауып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшылар шыққаны барлығымызға белгілі. Сондай-ақ өңірде қысқы спорт түрлері де қарқынды дамығанын да айта кету керек. Өңірдің болашағы зор және болашақта үлкен үміт артар спортшылар әлі де шығады деген үміттемін, – деді ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Серік Қасқабасов.


Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыстың 30 жылдығына орай іс-шаралар циклін өткізуде. Бірқатар маңызды шаралар республиканың түкпір-түкпірінде 30 күн бойы өтіп, Астанада ҰОК мерейтойлық сессиясымен аяқталады. 
Бүгінде әр спорт түрі бойынша жасақталған Ұлттық құрама командалардың үздік спортшылары 7 жазғы және 8 қысқы олимпиадалық ойындарға қатысып, барлығы 79 медаль жеңіп алды. Төл тарихымызға Олимп шыңын бағындырған 14 чемпионның аты мәңгілікке алтын әріппен жазылды. 

– 30 жылдан бері еліміздегі спорт саласының дамуына атсалысып жүрген азаматтардың барлығына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Біз үшін осындай байрақты бәсекелерде еліміздің абыройын қорғау – үлкен құрмет. Бұл орайда, әр чемпионды, споршыларды дайындап шығарған бапкерлердің еңбегі өте зор екенін атап өткен жөн, – деді  үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы әрі күміс және қола жүлдегері Ольга Рыпакова.


Жиын соңында спортшылар, ардагерлер мен спорт қайраткерлеріне құрмет көрсетіліп, мерейтойлық медальдар мен алғыс хаттар табысталды.

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу