Биыл 421 шақырым жол жөнделеді – ШҚО
Фото: z-taraz.kz
Шығысқазақстандықтар үшін жол мәселесі әрдайым өзекті. Сондықтан да облыста 2024 жыл «Жол жылы» болып жарияланған болатын.
Соңғы жылдары еліміз бойынша көлік жолдарын жөндеуге баса назар аударылуда. Мәселен, ШҚО-да қазіргі күні 421 шақырым жолға ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта бюджеттен 20,8 миллиард теңге қаржы бөлінген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, өңірдегі автожолдардың жалпы ұзындығы 5,2 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 1,2 мың шақырымы – республикалық маңызы бар, 1,6 мың шақырымы – облыстық және 2,4 мың шақырымы – аудандық маңызы бар жол учаскелері.
Облыс көлемінде «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» трассаларындағы жөндеу жұмыстары бірнеше жылға созылғаны белгілі.
Ал жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын Қалбатау – Майқапшағай автомобиль жолының 218 шақырымы ШҚО-ның еншісінде. Қазір оның басым бөлігінде, дәлірек айтқанда, 195 шақырымында жұмыстар аяқталған көрінеді. Қалған жол учаскесі келесі жылы аяқталмақ. Десе де, жүргізушілерге қолайсыздық туындамас үшін мердігерлер жолдың жоғарғы қабатын қиыршықтаспен жапқан.
Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға тоқталып өтсек, биыл аталған учаскелердің 392 шақырымы орташа жөндеумен қамтылыпты. Сондай-ақ облыстағы қалалар, аудан орталықтары мен ауылішілік көшелер де жөнделген. Оған қоса, 326 мың шаршы метр алаңда шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілді. Оның 54 мың шаршы метрі республикалық маңызы бар жолдардың үлесіне кірсе, 272 мың шаршы метрі – облыс және аудандық маңызы бар жолдар.
Биыл Өскемен – Тарғын – Самар автожолының учаскелері, Сібе көлдерінің бағыты бойынша, Жаңа Бұқтырма кентіне, сондай-ақ Ақжар, Зайсан – Шілікті, Ақжар – Шілікті ауылдарына және облыстың басқа да ірі елді мекендеріне кіреберіс жол учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.
Келесі жылға жоспарланып отырған жұмыстармен ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының орынбасары Ерлан Уәлиев бөлісті.
Оның айтуынша, келер жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды және көшелерді қосқанда 600 шақырым жол жөнделуі керек.
Қазіргі уақытта өңірдегі жолдарды жөндеудің 2024 жылға арналған барлық жоспарлары нақтыланып жатыр, содан кейін жобаларды қаржыландыруға бюджеттік өтінімдер берілетін болады.
#republicdaykz #kzdayrepublic