ШҚО симфониялық оркестрі «Astana Ballet» сахнасында өнер көрсетті (видео)
«Astana Ballet» театрының сахнасында ШҚО әкімі симфониялық оркестрінің «Классикалық музыка кеші» концерті өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Концерттік бағдарламада бас дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Александр Галсановтың жетекшілігімен танымал қазақстандық және шетелдік композиторлардың вокалдық, классикалық және аспаптық шығармалары орындалды.
Александр Галсанов басқаратын симфониялық оркестр - аймақтың көрнекті музыканттарын біріктіретін ұжым. Олардың кәсібилігі, музыкаға деген құштарлығы және виртуоздық орындау таланты классикалық өнердің ең талапшыл көрермендерін де бей-жай қалдырмады.
Көрермендер классикалық батыс еуропалық және қазақ музыкалық шығармаларынан басқа, Карл Дженкинс пен Александр Чайковскийдің заманауи музыкасын да сүйсіне тамашалады.
Өткен жылы симфониялық оркестрдің құрылғанына 20 жыл толды. Бас дирижердің айтуынша, содан бері ұжым Елордада өнер көрсетуді мақсат етіп қойған.
Талғамы биік Елорда көрермендеріне симфониялық оркестр әртістері шабыт пен ұмытылмас әсерге толы керемет көңіл-күй сыйлады. Симфониялық оркестрдің солисті Жанат Бисимбаевтың айтуынша, бұл концерт «Ертіс концерттің» барлық музыканттары үшін айтулы оқиға.
Әртіс аталған іс-шараның ұйымдастырылу деңгейін ерекше атап өтіп, елордадағы әріптестерінің қонақжайлылығына назар аударды. Симфониялық оркестрдің орындауындағы классикалық музыка кеші қатардағы концерт емес, хас таланттар қатысқан нағыз өнер кеші болды.
Айжанат Бақытқызы