Самар ауданында маман даярлайтын жоба әзірленді
Самар ауданында мәдениет саласында өнер көрсететін мамандар тапшы. Осыған орай Самар ауданы мәдениет үйінің директоры жаңа жоба әзірледі. Ол «Мәдениетті, өркениетті болашақ» деп аталады.
Аталған жоба алдағы он жылдыққа жоспарланып жасалған. Ерекшелігі – келешекте сырттан даяр маманды емес, аудан ішінен тұрақты маман дярлау, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жуықта Самар аудандық мәдениет үйінің директоры Дархан Рамазанұлы Өскемендегі Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің басшысымен кездесіп, маман даярлау жобасы бойынша келісімшартқа отырды.
Айта кетейік, биыл ауданнан жобаға сәйкес 30 оқушыны музыкалық білім алуға оқу орындарына жіберу жоспарланып отыр екен.
Қазіргі таңда сырттан жас мамандарды шақыру үшін алдымен баспанамен толық қамтамасыз ету керек. Десе де бұл қиын үрдіс екені белгілі. Ал бұл жоба аудан ішінен мамандар даярлау арқылы мәселенің шешімін жеңілдетуге ықпал етеді.
Ауданымызда кез келген салада мамандардың тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Сондықтан сырттан даяр маман шақырумен қатар маман даярлау ісіне де көңіл бөлген абзал.