Бүгін медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі
pexels.com
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін құттықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дәрігерлер күн сайын адам өмірі үшін күресіп, ұлт саулығын жақсартуға өлшеусіз зор үлес қосып келеді. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы миссия.
– Денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді қашанда жоғары бағалаймыз. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқықтарын қорғауға әрдайым баса назар аударамыз. Жақында қабылданған арнайы заң – осының айқын дәлелі, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда айта кеткен жөн, елімізде тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы белгіленді. Бұл марапат халыққа қалтқысыз қызмет еткен нағыз майталман мамандарға беріледі.
– Сіздер «Адал азамат» тұжырымдамасының идеалдары мен құндылықтарын берік ұстанып, кәсіби біліктілік пен антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Қоғамның игілігі жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін! Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін! – деді Президент.
Оқи отырыңыз