Өскеменде қараусыз қалған ғимараттың орнына мектеп салынатын болды
ЖМК шағын ауданындағы қараусыз қалған ғимараттың құрылысы жалғасып, 900 орындық мектеп салынатын болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, бастапқыда ҚР Білім және ғылым министрлігі онда машина жасау колледжін салуды жоспарлаған, алайда жоба аяқталмай, ұзақ уақыт қараусыз тұрған еді. Бүгінде ол нысан облыс балансына берілген.
- Жақынарада физика, математика, информатика және басқа да нақты ғылымдардағы дарынды балаларға арналған 900 орындық мектеп салуды бастаймыз. Бұл жерде ШҚО-ның басқа аудандарынан келген балаларға арналған 160 орындық интернатта қарастырылады, - дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Аймақ басшысының айтуынша, мектептің оқу үрдісіне мықты профессор-оқытушылар құрамын тарту жоспарда бар. Арнайы келгенұстаздар үшін де жайлы жатақхана салынбақ.
- Оқу орны ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен "Жайлы мектеп" жобасына толық сәйкес келеді. Кабинеттер барлық стандарттар бойынша жабдықталады, 300 орындық үлкен спортзал, бассейн және асхана болады. Қазір құрылысшылар барлық сақталған құрылыстарға олардың жарамдылығына сараптама жүргізеді, жоба толығымен қауіпсіз болуы шарт. Сонымен қатар, жақын арада біз КШТ қарқынды дамып келе жатқан ауданында үлгілік жоба бойынша 600 орындық мектеп салуды бастаймыз. Сондай-ақ, бейінді басқармаларға осы шағын аудандағы аяқталмаған балабақша ғимаратымен жұмыс істеуді тапсырдым,- дейді облыс әкімі.