Өскемен гарнизонында әскери қоян-қолтық ұрыс бойынша турнир өтті
Өскемен гарнизонының спорт кешенінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері арасында әскери қоян-қолтық ұрыс бойынша іріктеу турнирі өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бірден айтайық, шара барысында санитарлық талаптар қатаң сақталды. Ал турнирдің басты мақсаты әскери қызметшілер арасындағы ең мықты спортшыларды іріктеп алу, жеке құрамның физикалық дайындық деңгейін көтеру. Сондай-ақ әскери қызметкерлердің спорттық шеберлік деңгейін және төреші ретіндегі біліктілігін арттыру көзделді.
– Әскери қызметшілер Отан қорғау жолында кез келген сынаққа, қандайда да бір төтенше жағдайға сақадай сай болуы тиіс. Жарысқа қатысушылар физикалық тұрғыда шымыр екендерін көрсетті. Жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің чемпионатына қатысады, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік даярлық Басқармасының аға бағыттаушы офицері капитан Нұржан Тұрымов.
Жеңімпаздар: 55 келі салмақта кіші сержант Санат Садыков, 10810 әскери бөлім; 60 келі салмақта кіші сержант Архат Баяхметов, 44793 әскери бөлім; 85 келі салмақта ефрейтор Нұрболат Жұмабеков, 30217 әскери бөлім.