Биік белестерді бағындарған әскери бөлім
![](/kz/uploads/posts/iblock/848/848ed4c443a7415ab8401519a88d585a.jpg)
26 сәуір күні «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 27943 әскери бөлімінің құрылғанына 27 жыл толды.
Еліміздің тыныштығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі
Директивасының негізінде 1993 жылы 26 сәуірде ШҚО Жарма ауданының Георгиевка поселкесінде 27943 әскери бөлімі құрылды. Әскери бөлімнің құрылуы мен қалыптасуына әр жылдарда басқарған подполковник Әлімжан Ерниязов (қазіргі таңда отставкадағы генерал-майор), подполковник Тимур Әбішев, подполковник Бауыржан Кабатов, подполковник Виталий Добринский, полковник Асқан Тасболатов, подполковник Нұрлан Қашағанов, полковник Данияр Қонақбаев, подполковник Руслан Акмолин, подполковник Талғат Сапарбаев, подполковник Ержан Ибраев, подполковник Мұрат Арапбаев, подполковник Бегімбет Тәжібаев көп еңбек етті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жетекшілігімен армияның жаңа түрін құру шеңберінде әскери қызметті жан-жақты трансформациялау және реформалау бойынша түпкілікті өзгерістер жүргізілді. Әскери-саяси міндеттерге сүйене отырып, Қарулы Күштердегі ұйымдастырушылық-штаттық құрылымдарды жетілдіруге байланысты 1998 жылғы 1 желтоқсаннан бастап мотоатқыштар полкі жеке мотоатқыштар бригадасы, ҚР Қорғаныс министрлігінің 2004 жыл 28 қарашадағы Директивасы негізінде жеке мотоатқыштар бригадасы жеке механикаландырылған бригада болып өзгертілді. Өзіндік тарихы қалыптасқан бөлімнен түлеп ұшқан офицерлер бүгінгі күні жауапты жетекшілік қызметте еңбек етіп, Қарулы Күштеріміздің дамуына өз үлесін қосуды одан әрі жалғастырып келеді. Өскемен шаһарында орналасқан әскери бөлімге 2019 жылдың 4 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов есімі берілген. Жеке құрамның жауынгерлік әзірлігі де бір жүйеге қойылған. Әрдайым алдыңғы шептен көрініп келеді. Оған «Шұбаркөл» полигонында Ресей Федерациясының Қарулы Күштерімен бірлескен «Өзара қимыл – 2008», «Шығыс» полигонындағы «Өзара қимыл – 2009» оқу жаттығулары, 2010-2011 жылдары Ұлттық қауіпсіздік департаментімен бірлескен жедел тактикалық оқу жаттығулары, 2012 жылдың шілде айында «Ізенді» полигонында Үшарал гарнизонындағы 40398 әскери бөлімімен бірлескен бригадалық-тактикалық оқу жаттығуы, «Көктал» оқу полигонындағы «Айбалта –2015», «Шығыс» оқу полигонындағы «Айбалта – 2016», «Шығыс» оқу полигонындағы Ресей Федерациясының Қарулы Күштерімен бірлескен «Өзара қимыл – 2019» оқу жаттығулары дәлел болады.
Әскери бөлім жауынгерлік әзірлікті одан әрі белсендірудің, кәсіби дағдыны барынша арттырудың, әскери тәртіп пен құқық тәртібінің жағдайын жақсартудың оң үрдісін сақтай білді. Әлемдік додада Қазақстанның Қарулы Күштерінің жауынгерлік даңқы мен абыройын арттырған әскерилердің жетістігі мақтауға лайық. Мәселен, әскери мамандықтарға қатысты «Армия ойындары – 2016» халықаралық жарысы шеңберінде Ресей Федерациясының «Алабино» полигонында ұйымдастырылған «Суворов шабуылы» жарысынан бөлімінің әскерилері жеңіспен оралды. Жауынгерлік ұрыс машинасының командирі лейтенант Ерлан Мұқатаев, жауынгерлік ұрыс машинасының көздеуші операторы кіші сержант Ерасыл Маратов, жауынгерлік ұрыс машинасының механик-жүргізушісі аға сержант Степан Тамбовцев «Суворов шабуылы» жарысында «Жауынгерлік машина экипажы» номинациясы бойынша үшінші орынды жеңіп алды. Номинация иегерлерінің кеудесіне РФ Қорғаныс министрі С.Шойгу медаль тақты. Арнайы диплом мен сертификаттар табыстап, үшеуіне де квадроцикл сыйға тартты. Жауынгерлік ұрыс машинасының механик-жүргізушісі аға сержант Степан Тамбовцевке РФ Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-полковник Олег Салюков «Жауынгерлік достастықты нығайтқаны үшін» медалін табыс етті. Сондай-ақ, Санкт-Петербург қаласы Қызыл селосындағы С.М.Киров атындағы Әскери-медицина академиясының оқу орталығында өткен «Әскери-медициналық эстафета» байқауынан Қазақстан құрама командасының механик-жүргізушісі 3-ші сыныпты сержант Нұрлан Майхановта жүлдемен оралды. Ол жеңіл броньды көп мақсатты тартқышты жүргізіп, кедергілер жолағы мен атыс шебінен өтуде кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Үздік команданы техникалық жағынан қамтамасыз етуге үлес қосқан майор Рустам Каримов пен капитан Марат Абдулин де «Армия ойындары – 2016» халықаралық жарысында басшылық құрам мен қызметтестерінің сенімін ақтағаны үшін алғыс грамотасын алды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әр жылдарда III дәрежелі «Айбын» орденімен капитан Марат Абдуллин, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен подполковник Әсет Салихов, капитан Жақсылық Ормантай, келісімшарт бойынша әскери қызметші 3-ші сыныпты сержант Лариса Котова, 3 сыныпты сержант Талғат Мушельбаев, майор Жадыра Мухамадиева мен майор Елдос Бекпаев «Ел Қорғаны» I дәрежелі және келісімшарт бойынша әскери қызметші 2 сыныпты сержант Нұрлан Қорабаев «Ел Қорғаны» ІI дәрежелі медалімен марапатталған. 2018 оқу жылының қысқы мерзімінде ҚР ҚК Құрлық әскерлері бөлімдері мен құрылымдарының батальондары арасындағы «Мерген батальон» жарысында 2-ші мотоатқыштар батальоны бірінші орынды ұтып алды. 2019 оқу жылының қысқы кезеңінде ҚР ҚК Құрлық әскерлері бөлімдері мен құрылымдарының батальондары арасындағы «Үздік минаатқыштар батареясы» сайысында 2-ші мотоатқыштар батальонының минаатқыштар батареясы тағы да бірінші орынды жеңді. Дәл осы 2-ші мотоатқыштар батальоны ҚР Қарулы Күштерінің жедел-стратегиялық командалы-штабтық «Айбалта – 2019» жаттығуында да кәсіби шеберлікте жетістіктерге жетті. Подполковник Ержан Мейрманов басшылық ететін бөлімнің әскери қызметшілері батыр бабалардың жауынгерлік дәстүрін жалғастырып, еліміздің стратегиялық маңызды аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқара бермек.
Нұржан Малгаждаров
МЕНІҢ ӘСКЕРИ БӨЛІМІМ
Мен, қатардағы жауынгер Алишер Утешов, 27943 әскери бөліміне 2019 жылы 17 қазанда әскери борышымды атқаруға келдім. ҚР ҚК Құрлық әскерлеріндегі үздік бөлімдердің бірінде Отан алдындағы борышымды өтеп жүргенімді зор мақтаныш тұтамын. Қазіргі таңда 1-ші мотоатқыштар батальонының 1-ші мотоатқыштар ротасында көздеуші-оператор мамандығы бойынша қызметімді орындап жүрмін.
Әскерде көп нәрсеге үйрендім. Әсіресе жауынгерлік әзірлік, әскери қызмет, әскери тәртіп және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағынан ынта-жігермен оқудың нәтижесінде жақсы жетістіктерге қол жеткіздім.
Біз, сарбаздар, командирлерге қарап бой түзейміз. Айтқанын бұлжытпай орындап, ел қорғаны болуда әрқашан алдамыз! Бөліміміздің 27 жасқа толуына арнап өлең шумағын арнаймын.
Алыстағы ауылды,
Келдім мен тастап әскерге.
Қолыма алып қаруды
Отанға қызмет еткенге.
Біздің қазақ жастары
Шыңдалып, сарбаз болуда.
Серт берген Отан алдында
Антына адал болуға.
Темірдей тәртіп сақталып,
Әскердегі күндерім
Тарихқа жатыр қапталып,
Жауынгерлік дәстүрді
Жалғастыру – парызым!
Намыспен алға ұмтылып,
Ерліктің жасау нағызын.
Біздерге мына жүктелген
Елімді қорғау – борышым!
Құп көріп соны көңілім,
Қаладым әскер өмірін
27 жыл Шығыс шебінде,
Жасай бер, әскери бөлімім!
БРИГАДАҒА АРНАУ
Ер жүректі, қайратты,
Жас қырандай айбатты.
Сарбаздарым сапта тұр
Қорғап шығыс аймақты.
«Тек алға!» деп ұраны,
Өскемен – ел тұрағы.
Жаяу әскер бөлімі
Елдің берік қорғаны!
Шығысымның шырайын,
Қорғап әркез тұрайық.
Ашық аспан астында
Әсем әндер жырлайық!
1-ші мотоатқыштар ротасының атқышы
қатардағы жауынгер Сербай Алишер
Атамекен туған елімді,
Кең байтақ, дархан жерімді
Қорғап тұр 4-ші бригада
Асқар тау, шалқар көлімді.
Темірдей тәртіппен шыңдалған,
Намыс пен ардан жаралған.
Шыныққан шығыс сарбаздары
Отанына берік қорған!
Көк байрағын елімнің,
Көгінде ұста әркез бөлімім!
Жасай бер, жайна, қазағым елім,
Жасай бер, жайна, шығысым менің!
1-ші мотоатқыштар ротасының оқшашаршысы
қатардағы жауынгер Танай Жанат