Өскемендегі «Абайдың алба-жұлба ескерткіші» реставрацияға жіберілді
Өскеменде Абай даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасында тұрған ұлы ақынның барельеф мүсіні реставрацияға жіберілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізді болса, 10 қазан күні Egemen.kz-те Абайдың барельеф мүсінінің ескіріп кеткені туралы мақала жарық көрді. Онда:
«Абай даңғылының бойында баяғыдан тұрған барельеф мүсіннің жұлым-жұлымы шыққан... Ал тиісті мекеме қашан қалпына келтірері белгісіз», – деп жазылған еді.
Қалалық ішкі саясат бөлімі барельеф мүсіннің қайта қалпына келтіріліп, жаңа кескінмен орнатылатынын мәлімдеді. Бейнежазбада көрініп тұрғындай, жұмысшылар бүгін арнайы техникамен келіп, мүсінді алып кетті.
– Қазір мамандар мүсіннің қаншалықты бүлінгенін қарап, тексеріп жатыр. Содан кейін ғана қалай және қанша уақытта жөнделетіні белгілі болады. Қалай болғанда да, барельеф мүсін жаңа, әдемі кескінмен қайта орынына қойылады, – деп мәлімдеді Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Владимир Землянский.