ШҚО: Праймериз туралы қорытынды мәліметтер
«Nur Otan» партиясының ШҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков праймериз туралы қорытынды мәліметтерді ұсынды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аймақ көлемінде праймеризге 18 көпбалалы ана, 14 қандас азамат және 8 мүмкіндігі шектеулі азамат қатысқан. Үміткерлердің төрттен бірі жастар болғанын айта кету керек. Сондықтан болар, жалпы қатысушылардың 24 пайызы әлеуметтік желілерде ерекше белсенділік танытты. Олег Чугунковтың айтуынша, праймериз қатысушыларының 64,5 пайызы – кейінгі бес жылда партия құрамында кіргендер.
– Қатысушылар 523 онлайн кездесу өткізді, дебаттарға қатысты. Енді оларды маслихат деңгейіндегі сайлау күтіп тұр. Конституциялық заңға сәйкес, осы жылдың қараша-желтоқсан айларында партиялық тізімдер бойынша сайлау өтеді. Сайлауға праймеризден сәтті өткен үміткерлер қатысады. Осылайша білікті де білгір мамандар таңдалады, – дейді Олег Чугунков.
