KZ
Өскемен
-12°
переменная облачность жел 1 м/с, С
503.9 603.32 6.61

Жаңа Салық кодексі: Ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме сақталады

Кеше, 15:00 85 Даурен Аллабергенұлы

Жаңа Салық кодексінде салық жүйесін әділ әрі ашық етуге бағытталған бірқатар жүйелі өзгерістер көзделген. Негізгі жаңалықтар – салықтардың сараланған тәсілге көшуі, жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемелері, қосылған құн салығын (ҚҚС) реформалау, «сән-салтанат салығын» енгізу, арнаулы салық режимдерін оңтайландыру, сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді цифрландыру мен сервистік модельге көшу, деп хабарлайды Altainews.kz.

– Корпоративтік табыс салығы (КТС) 20 пайыз деңгейінде сақталады. Алайда, сараланған салықтық мөлшерлеме енгізіледі. Атап айтқанда, банктер (бизнес субъектілерін кредиттеуді қоспағанда) мен ойын бизнесі үшін – 25 пайыз. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызметі үшін, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен басқа – 6 пайыз. Жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушімен өзара қатынастар бойынша шығыстар шегерімдерге жатқызылмайды. КТС есептеу, декларациялау және төлеу тәртібі бойынша – аванстық төлемдер шегі 350 000 АЕК-тен 600 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды, – деді ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қазыбек Кәдесұлы.

Декларация тапсырылғанға дейiнгi аванстық төлемдер бойынша есеп айырысу алынып тасталды. Бірінші тоқсан үшiн аванстық төлемдердi есептеудi мемлекеттiк кiрiс органдары жүзеге асырады.

Брифингте айтылғандай, қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді, яғни, 2026 жылдан 5 пайыз, 2027 жылдан 10 пайыз.

– Бұл ретте Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қызметтер, Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, сондай-ақ баспа түріндегі кітап шығару, археологиялық жұмыс жүргізу қызметтері ҚҚС-тан босатылды. Мерзімді баспа басылымдарды өткізу бойынша 10 пайыз деңгейінде төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді. ҚҚС бойынша міндетті есепке қою үшін айналымның төменгі шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (40 миллион теңге) төмендетілді. Арнайы салық режимі бойынша салық салынатын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өткізу бойынша айналым ҚҚС айналымының есебіне алынбайды, – деп түсіндірді департамент басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады. 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік салықтық шегерім мөлшері 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Айына 30 АЕК (1,3 млн.теңге), жылына 360 АЕК-тен аспайтын базалық салықтық шегерім белгіленді.

Бұдан бөлек прогрессивті ЖТС ставкалары енгізіледі. Мәселен, жылдық жиынтық табысы 8 500 АЕК-тен (36 млн. тенге) асатын азаматтарға 15 пайыздық жоғарылатылған ставка қолданылады.

Дәл осындай мөлшерлеме дивидендтерге және жылдық табысы 230 000 АЕК-тен (995 млн.тенге) асатын кәсіпкерлердің табыстарына енгізіледі.

Жеке практикамен айналысатын адамдардың, яғни, жеке нотариустер, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар табыстарына 9%-дық ставка бойынша ЖТС салынатын болмақ.

Мүліктік табыс бойынша тұрғын үйлерді, саяжай құрылыстарын, гараждарды, көлік тұрақ орындарын, қоймаларды, жеке қосалқы шаруашылық объектілерін сату кезіндегі құн өсімінен алынатын табысты анықтау үшін кезең 2 жылға дейін ұлғайтылды.

Әлеуметтік салыққа 6%-дық мөлшерлемені белгілей отырып (бұрын 11 % болған), әлеуметтік салық пен әлеуметтік аударымдардың өзара байланысын алып тастау қарастырылған.

– Жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда, құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, құны 100 миллион теңгеден асатын кемелерге, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады. Сонымен қатар жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды. Пайдаланылу мерзімі 10 жылдан асқан автокөліктер үшін көлік құралы салығы төмендетілді, – деді Қазыбек Қойшинов

Мамандар айтып өткендей, арнаулы салық режимдері де оңтайландырылды. Енді олар үш жағдайда қолданылады – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа қожалықтары үшін.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін – айлық табыс шегі 300 АЕК (1,3 млн.тенге), 4% мөлшерінде әлеуметтік аударымдарды төлеумен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелусіз, есептілік талап етілмейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлемдерді мобильді қосымша арқылы есептеп, төлей алады.

Жеңілдетілген декларация негізіндегі режим – жылдық табыс шегі 600 000 АЕК (2,5 млрд.тенге). Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін – қолданыстағы тәртіп сақталады, салық айналымынан 0,5% мөлшерлемесімен ЖТС ретінде төленеді.




Фото: автордыкі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу