KZ
Өскемен
+4°
небольшая облачность жел 3 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Аға сұлтан БҰТАБАЙ БАБАМЫЗ жайында не білеміз?

21.02.2012, 18:00 547


Жұмықтың алты баласының бірі – Сатыдан тарайтын Бұтабай Жүндіұлы (Сегізбаев) жайында не білеміз? Атақты айтыс ақыны Сара Тастанбекқызы 1895 жылы Біржанмен айтысында Бұтабайға «халықтың құты» деп баға берген екен. Мұндай жоғары бағаға оның тар кезеңнен жол тапқан қайраткерлік қасиеттері, жанының жайсаңдығы дәлел бола алады.

Марқұм Қалым Құнафияновтың шежіресінде Бұтабайдың 1825 жылы Маңырақ тауының күнгей бетінде Жүнді деген адамның отбасында туып-өсіп, 1895 жылы дүниеден қайтқандығы жазылған еді. Ал тағы бір шежірелерде оның 1895 жылы 51 жасында Мекке мен Медине қалаларының бірінде қажылықта жүрген кезінде қайтыс болып, сүйегі сонда жерленгені баян етіледі. Қай деректі алсақ та, оның 1895 жылы қайтыс болғандығы көрсетілген. Егер ол 1895 жылы 51 жасында қайтыс болса, туған мерзімі 1844 жыл болмай ма? Бұған қарағанда ол ұлы Абайдан бір-ақ жас үлкен болып шығады. Ал Бұтабай Абаймен емес, оның әкесі Құнанбаймен құралыптас әрі онымен үзеңгілес аға сұлтан болғанын қалай ескермессіз? Сонымен қатар Бұтабайдың 1873 жылы Ресей императоры II Александрдың қабылдауында түскен суретіндегі бет әлпеті 29-30 жасқа емес, 50-60-қа келіп қалған адамның түр-кескініне ұқсайды. Ендеше Қ.Құнафияновтың келтірген деректері ақиқатпен үйлесетіндігін айта кеткен орынды.

Бұтабай қай уақытта аға сұлтан болды дегенге келсек, хандық билік жойылғаннан кейін қазақ даласында 1822–68 жылдары аға сұлтандық билік құрған кезеңді ауызға аламыз. Бұтабайдың аға сұлтан болуы да сол кезеңге дөп келгенімен, оның аға сұлтандыққа қашан, қай жерде сайланғаны және қай аумаққа билік жүргізгені жөнінде нақты дерек табылмады. Тек мына бір әңгімеден біраз жайды аңғаруға болатындай. Жетіаралдық зейнеткер Мұқаш Заманбекұлының Тарбағатай аудандық газетінің 1992 жылғы 59-нөмірінде жарық көрген «Жеті атасын білген ұл...» атты мақаласында Бұтабай туралы мынадай бір дәйек келтіріліпті:

Бұтабай аға сұлтандыққа сайланғасын жазғытұрым кешкілік Сайболат руынан тарайтын Қай-рақбай деген ақсақалдың ауылына келеді. Бұл кезде ауыл абызы төбе басына шығып алып, жан-жағын шола қарап отырса керек. Бұл кісі ел-жұртына ықпалы жүретін аңғарлы адам екен. Сол мезетте әйелдер қой сауып жатыпты. Ауылға жақындап қалған жолаушыларды байқап қалған Қайрақбай:

– Мына келе жатқан адамдар ауыл арасынікіне ұқсамайды. Қолы бос адамдардың бәрі де далаға шығып, жолаушыларды қарсы алатын болсын, – деп бұйырады. Сол мезетте салт аттылар да келіп қалады. Топты бастап келген – аға сұлтан Бұтабай болып шығады.

Қайрақбай өзінен жасы кіші Бұтабайды құрметпен қарсы алып, төс қағысып амандасады. Кезінде жасы мосқал тартып қалған Қайрақбайға ел-жұрты «Төбе басы болыңыз» деп қолқа салыпты. «Төбе басы» деген «Төбе би» деген мағынаны білдірсе керек. Бұған дейін сұңғылалығымен әрі көрегендігімен төбе би болып келген Қайрақбай:

– Сенімдеріңізге рақмет! Жасым ұлғайды. Кәрілік жеңген адамның ойлау қабілеті де кемиді. Енді осы сайлауда бізден дауысқа Бұтабай түссе жөн болар еді. Өйткені, ол – жас. Қабілеті де зор. Төбе би болуға соны ұсынамын. Бұған қалай қарайсыздар?» – дейді.

Жұртшылық Қайрақбайдың ұсынысын бірауыздан қолдапты. Өйткені, Бұтабайдың атақ-даңқы жас күнінен-ақ әйгілене бастаса керек. Сөйтіп, Қайрақбайдың бет-беделі мен қолдау-көмегі арқасында саны жағынан басым Арғын елінің сайлаушыларынан көп дауыс алып, Бұтабайды аға сұлтандыққа сайлатқызыпты. Сол оқиғадан кейін Қайрақбайдың ауылына Бұтабайдың ат басын бұрғаны осы екен.

Олар қонақтарын құрақ ұшып қарсы алып, зор құрмет көрсетіп, үйге кіргізеді. Қоналқаға келген сый қонақтарға қысырдың тайы сойылып, құрмет көрсетіледі. Бұтабай бұл өңірге күрмеуі шиеленген жер дауын шешуге келген екен. Нар жолында жүк қалсын ба, ағайын арасындағы дау-дамай да осы сапарда сәтімен шешіліпті.

Елге қамқор болыпты жарлы демей...

Бұтабай жарлы-жақыбай, жоқ-жітік, кембағал жандарға да жанашырлықпен қарап, оларға қолынан келгенше қамқорлық жасап отырыпты. Зейнеткер Рамазан Түстікбаевтың, Мұрат Исановтың (оның шежіресін баласы Қалелхан айтып берді) және Дүйсен Сүлейменовтің шежіресіне қарағанда, екі жанары су қараңғы болып қалған Сайындала деген ақын жігіт қажылықтан оралған Бұтабайға сәлем бере келіп:

– Бұтеке, менің атым Сайындала,
Көзім соқыр болса да,
көңілім дана.
Құдай жолы – қажылық
құтты болсын,
Жолыңа гүл бітірсін хақ тағала.
Келіп ем Бұтекеңді көрейін деп,
Саты ағаға сәлемімді
берейін деп.
Ойлап ем сөз реті келе қалса,
Өлеңіммен алдында
«желейін» деп.
Қу шешек екі бірдей
көзімді алды,
Соқырлығым – кемдігім
аз болғандай,
Құдайым ата-анамның өзін
де алды.
Бұл пақыр үй-күйі жоқ
жетім қалды,
Зағиптық жігер, қайрат,
еркімді алды.
Жар сүймей, бала сүймей,
солып барам,
Ішіме осындай бір дертім толды.
Өзім жетім, аға-еке,
көзім соқыр,
Соқырдың сыбағасын
құзғын шоқыр.
«Жақсы адамнан – шарапат»
деген сөз бар,
Ініңіз сол тілекпен келіп отыр, – деп ішкі сырын осылай ақтарыпты.

Жас ақынның бұл зар-мұңын есіткен жұртшылық: «Айтқанының бәрі жөн. Мұң-наласын Бұтекеңе айтпағанда кімге айтады? Қайтсін енді» десіп қауқылдасады. Сонда Бұтабай: «Оу, рубасы ақсақалдар, өз жетіміңді жылатпа, құрғатыңдар анау зағип көздің аққан жасын. Дәулетбайдан тараған ұрпақтарда мал жағы бар емес пе? Мына мұңлықтың басына үй тігіп, бауырын бүтіндеңдер. «Олақай ұлға – солақай қыз» дегендей, өз теңін тауып әпе-ріңдер» деген екен. «Көп түкірсе – көл», Бұтабайдың қамқорлығымен үйлі-баранды болып, арманына жеткен Сайындала өле-өлгенше Бұтабайды жоқтап, оны жырлаумен өтіпті.

Бұтабайдың жесір дауын шешудегі әділдігі де ел жадында сақтаулы. Бірде Есенкелді руынан жесір дауы шығыпты. Даудың шығу себебі, бір жас келіншектің күйеуінің өлгеніне бір жылдан асып кетсе де, әмеңгерлік жолмен ешкімге тұрмысқа шыққысы келмеген. Сол келіншекті әмеңгерлік жолмен Есенкелдіден тарайтын Шідері алуға тиіс болса да, келіншек оған ырық бермепті. Тіпті бір рулы елдің үлкендері келіншекке келіп, қолқа
салса да көнбеген екен. Ақыры, шарасы таусылған Шідері Бұтабайдан көмек сұрап келеді. Сол дауды шешу үшін ол Тайжүзгенді қоныстаған Есенкелді ауылына барады. «Аға сұлтан келгелі жатыр» деген хабарды естіп, іргелес отырған Тәуке, Байбол Тоғастың ұрпақтары сәйгүлік аттары мен қазы-қарта, жал-жаясын, саба-саба қымызын алып келеді. Бұл құрметке ырза болған Бұтабай:

– Сыйлап жатқандарыңызға өте көп рақмет! Өз басым ештеңе алмаймын. Маған әкелген сыйлықтарыңыз кембағал мен жоқ-жітікке берілсін, – дейді. Сонда ақсақалдардың ішіндегі үлкені:

– Жоқ-жітікті де ескерусіз қалтырмаспыз. Бірақ мінсеңіз тақым толатын сұр жорға атты алмасаңыз, меселіміз қайтады. Алыңыз, – деп отырып алады. Бұтабай бұл тұйықтан да тапқырлықпен жол тауып кетеді.

– Осы үйдегі келін – маған да келін. Жұбайының жылдығы да беріліпті. Жаралы жаны жазылып, қаралы көңілі көтеріліп, көші-қонда, ел қыдырғанда мініп жүруі үшін осы атты келінге байладым, – депті. Сол мезетте келіншектің жүзі нұрланып, ақша беті шырайлана қалады. Осы бір көңілді сәтті қолдан шығарып алмау үшін Бұтабай есік жақта тұрған Шідеріні шақырып алып, келіншектің жанына отырғызып, Іргебай Қариға бұрылады да:
– Қи, мына екеуінің некесін! – деп әмір етеді.

Қари неке дұғасын оқып, екеуіне неке суын ішкізген екен. Сол күнге дейін жанына жолатпай, есе бермей келген келіншектің басына ноқта түскен асаудай үн-түнсіз қалғанына ел-жұрты аң-таң қалыпты. Кейін осы ерлі-зайыптылардан Ақыш атты би туған екен.

Меккеде тәкия салдырған

Бұтабай аға сұлтан болған кезінде Ресей мен Қытай арасындағы сауда қатынасы, екі ел арасында шекара тартылғаннан кейінгі жер бөлісі, рулар тартысы, тағы басқа мәселелерді оңынан шешіп отырыпты. Осындай айтулы еңбегі жоғары бағаланып, 1873 жылы Алтай, Зай-сан қазақтарынан іріктелген депу-тация сол жылғы 7-қаңтарда Санкт-Петербургте Ұлы мәртебелі император II Александрдың қабылдауында болып, бағалы құндыз тон киіп қайтыпты.

Рас, Санкт-Петербургте түсірілген суретте кейіпкеріміздің фамилиясы Жүндіұлы емес, Сегізбаев деп жазылған екен. Соған орай тарихшы Оралбек Исламов «Суреттегі Бұтабай басқа адам емес пе екен?» деген күдікпен іздене еңбектеніп, біраз айғақты дүниелер тауыпты. ҚХР-да шыққан кітаптағы Бұтабайдың графикалық тәсілмен салынған суреті мен Санкт-Петербургте түсірілген суреттері ұқсас болып шыққан екен. Оның үстіне Бұтабайдың бүгінгі ұрпақтары Махмұдбек, Әлен, Нәзігүл апа, Нұрланның бет-әлпеттерінің де Бұтабайға ұқсастығы бар. Сөйтіп, Санкт-Петербургте түсірілген сурет Бұтабайдың өзінікі екендігі айқындалып отыр.

Суретте Бұтабайдың фамилиясы Жүндінов болмай, неге Сегізбаев делініп жүр? Бұл сауалға мынадай болжамды келтіруге де болады. Жанұзақтың өлең-жырларында Төртуыл ішінде Сегізбай деген адамның кісілік кемелдігі мен ақыл-ойының тереңдігі көбірек суреттеледі. Мәселен, Жанұзақ ақын өзінің Бұтабайға арнаған жоқтауында:

– Төртуылда жақсы кім –
Назар менен Сегізбай.
Ақылы артық теңіздей.
Сағындым, әкем, келсеңші-ай,
Еліме қайғы жегізбей, – деп жырлаған екен.

Сол Сегізбайдың бұл үймен туыстық жағы болды ма, жоқ па, оны айту қиын. Егер ағайын-туысқан болса, бір-біріне бала беріп, туыстық дәнекерлігін жалғастыруы да ғажап емес. Мұндай жағдайда Бұтабайдың Сегізбаев болып жазылуы да кәдік.

Жанұзақтың Бұтабайға арнап жоқтау жазуының өз себебі бар. Бұтабай сапарға шыққан кезінде Маңырақ тауының шығыс жақ тұмсығындағы Шыңан деген кісінің ауылына соғып отырыпты. Бірде Шыңанның үйіне келсе, оның баласы Жанұзақ өңі бозарып, жағы суалып, ауырып жатыпты. Үй иесі қонағының дегдарлығы мен сезімталдығынан үміттеніп:

– Баламның сартап болып, науқастанып жатқанына бірталай уақыт болып қалды. Халық емшілерін әкеліп, емдеткенімізбен еш нәтиже шықпады. Бұтеке, сәуегейлігіңіз бен көріпкелдігіңіз бар емес пе, бірдеме демейсіз бе, – депті. Сонда Бұтабай баланың бет әлпетіне үңіле қарап:

– Әй, Шыңан, бұл балаң арқалы ақын болатын түрі бар. Ақындықтың киесі буып жатыр ма, кім білсін, қолына домбыра ұстат та қоя бер, – депті. Шыңан қонағының айтқанын істеп, баласының қолына домбыра ұстатып, қоя беріпті. Содан кейін-ақ ол өлең-жырдың аспанында қырандай түлеп, жетілген екен.

Заманында Бұтабай Құнанбайды аға тұтып, оған жол берген екен. Құнанбай пәуескемен Зайсан, Шілікті өңіріне, Бұтабай еліне келіп, қонақ болыпты. Оның бұл сапарын тарихшы Ескендір Исламұлы өткен ғасырдың орта шенінде Сапарғали, Ахметжан, Адамша деген ақсақалдардан жазып алғанмен, сол кездегі саяси себептерге орай, баспа бетін пайдалана алмаған.

Кейбір шежіреге қарағанда Бұтабай да Құнанбай сияқты Меккеде тәкия салдырған екен. «Бұтабай тәкиясы» деп аталатын бұл баспана қажылыққа баратын жерлестеріне арнап салыныпты. Екінші рет қажылыққа сапар шеккенінде Бұтабай бәйбішесін қоса ала барыпты. Тарбағатай өңірінен қажылыққа барған алғашқы әйел де – осы кісі.

Ақын әрі шежіреші, марқұм Әнуарбек Мәлғаждаровтың шежіресіне жүгінсек, XIX ғасырдың екінші жартысында қазіргі Көкпекті ауданының Көкиірім деген жерінде қазақтардың сиезі болыпты. Сиездің күн тәртібінде не қаралғанын кім білсін, әйтеуір оған ұлы Абай бастаған топ та келсе керек. Абай осы жиында сөйлеп тұрған Бұтабайды көріп:

– Бұтабай тұрғанда бізге сөз қайдан тисін, – деп қайтып кетіпті. Әрине, Тобықты еліндегі жер мен жесір дауы, барымта-сарымта сияқты мәселелерді шешуде ақыл-ойының жүйріктігімен ешкімге есесін жібермеген ұлы ақынның кіммен айтысса да жеңілмесі белгілі ғой. Сірә, ол әкесі құралыптас адамның алдына түскісі келмеді ме, әлде кішіктік танытқандықтан осындай қадамға барды ма, ол жағын да айту қиын.

Бұтабайдан Әзбай, Зейнолла, Қаби, Шерияздан деген аталар тарайды. Соның ішінде Зейнолла болыс қазақ жерін отарлаушыларға қарсы күресте айла-амалға жүгініп, қазақтың айырылып қалған жерлерін өзіне қайтарып берген екен. Зейнолланың ел-жұртына жасаған осындай шарапаты өз алдына бір хикая. Қазір Зайсан ауданына қарасты Жалши ауылында (Шілікті ауылдық округі) тарбағатайлықтар 1925 жылы өз қаражатымен салдырған Зейнолланың еңселі, күмбезді кесенесі бар. Бұл кесене мемлекет қамқорлығына алынған.

P.S. Біздер шынын айтсақ, «Орта жүздің қара қылды қақ жарған төбе биі, аға сұлтан, қоғам қайраткері, аузымен құс тістеген шешен Бұтабай Жүндіұлының есімін ұмытпау үшін қандай шаралар жасалуда?» деген сауалға жауап бере алмай қиналып-ақ қаламыз. Оларды «бай, шонжар» деген кеңестік тар түсініктен әлі де арашалай алмай жүрміз-ау, тегі. Ендеше Бұтабайдай бабамыздың есімі мен еңбегін ұрпақтар жадында жаңғыртар кезең әбден келді деген жөн.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив