Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған жарысқа 17 жасқа дейінгі балуандар қатысады.
Турнирге шетелдік балуандар да қатысуға ниет білдірген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы және әлем чемпионы - Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған 2009-2011 ж.т. спортшылар арасындағы грек-рим күресінен республикалық турнирге еліміздің 10 облысынан 200-ге жуық спортшы қатыспақ.
- Турнирге спортшылармен қатар құрметті меймандар шақырылды. Жақсылық Үшкемпіровтің ұлы Елдос Үшкемпіров пен оның туыстары, 2008 жылғы Олимпиада ойындарының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев келеді, - деді Өскемен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Диас Ерланұлы.
Турнир 26-28 қыркүйек аралығында "Қажымұқан атындағы жекпе-жек сарайында" өтеді. Турнир ашылуы 27 қыркүйекте сағат 15.00-де, финал 28 қыркүйекте.
Турнир Халықаралық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының (UWW–United World Wrestling) қолданыстағы ережелеріне сәйкес өтеді.
Осы турнир аясындағы жарыс келесі салмақ санаттарында өтеді: грек-рим күресі - 35 кг, 38 кг, 41 кг, 44 кг, 48 кг, 52 кг, 57 кг, 62 кг, 68 кг, 75 кг, 85 кг, 110 кг.
- Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған түрлі жарыстар елдің әр қала, облысында өткізіліп келеді. Спорт бөлімінің басшысының ұсынысымен, қалалық әкімдіктің қолдауымен Өскемен қаласы да шет қалмай, турнир өткізуді қолға алды, - дейді грек-рим күресінен жаттықтырушы Мәди Жарболов. - Грек-рим күресі Өскемен қаласында дамып келе жатқан спорт түрі. Жақында әлем чемпионатынан 2 палуанымыз 3-орын алып келді. Оған дейін 23 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионы шықты. Сондай-ақ, 15 жасқа дейінгі балалар арасында да Азия чемпионы шықты, ол осы сайыстарға қатысып, Өскеменнің намысын қорғайды. Шығыс Қазақстан облысының атынан 40-45 спортшы қатысады деп жосарлануда. Жалпы жарысқа Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Жетісу, Абай облыстары, Алматы мен Астана қалаларынан, сондай-ақ Өзбекстаннан спортшылар келе жатыр.