Есірткімен күрес күшеюде
Облыстық әкімдікте өңірлік ведомствоаралық штаб мүшелері есірткі саудасымен күресудің жолдарын кеңінен тарқатып талқылады.
Кеңес облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапановтың және өңірлік ведомствоаралық штаб төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Алмаз Түкеновтің басшылығымен өтті. Оған облыстық прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті, сондай-ақ шекара қызметі, экономикалық тергеп-тексеру департаменті сынды мемлекеттік орган қызметкерлері қатысты.
– Ағымдағы жыл басынан бері есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы бойынша 202 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 119-ы қылмыстық іс болса, 83-і қылмыстық теріс қылық екенін айта кеткен орынды. Заңсыз айналымнан 150 келіден астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар тәркіленді. Өңір аумағындағы үш есірткі зертханасынан 1,4 келі мефедрон мен 1,6 тонна прекурсор табылып, жойылды. Сонымен қатар құрамында кодейн бар препараттарды рецептсіз саудалаған жеті фармацевт әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық полиция департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы Дәулет Жұмаділов.
Сондай-ақ ол осы бағыт бойынша тұрғындар арасында 300 профилактикалық шара өткізілгенін атап өтті. Мұндағы басты мақсат – халыққа есірткінің зиян екенін түсіндіру. Облыстық психикалық денсаулық орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Арман Дихамбековтің айтуынша, өңір бойынша 7258 адам нарколог дәрігерлердің бақылауында тұр. Оның ішінде 1149 әйел мен 6109 ер адам бар.
– Маскүнемдік бойынша 5934 адам, есірткі құралдарын қолданған 1324 адам дәрігерлердің жіті қадағалауында тұр. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,8 пайызға төмен, – деді Арман Дихамбеков.
Психикалық денсаулық орталығының мамандары да профилактикалық шаралар ұйымдастырады. Мәселен, жыл басынан бері бұл саланың қызметкерлері 200-ге жуық дәріс, 13 дөңгелек үстел мен 20 семинар өткізген. Бұдан бөлек, жасөспірімдердің ата-аналарымен кездесіп, есірткі қолданудың соңы неге әкеліп соғатынын түсіндіргенін айта кеткен орынды.
«AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты «Есірткіге жол жоқ» атты республикалық акцияға екінші жыл қатарынан қатысып келеді.
– Акция аясында былтырғы жылмен салыстырғанда облыс бойынша мыңға жуық есірткі сату арналарының жарнамалары өшірілді. Бұдан бөлек, жастар арасындағы салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 200-ге жуық спорттық шара ұйымдастырылды, – деді AMANAT партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы Қорлан Туғамбаева.
Айта кетейік, облыстағы мектептер мен колледждерде медицина саласының мамандары мен психологтардың, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Заң және жасөспірім», «Өзіңді жастайыңнан қорға», «Тоқта, есірткі» атты тәрбие сағаттары өткізілді.
Облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов өңірдегі есірткімен күрес әрекеттерін күшейту үшін әрбір басқармаға кешенді шара қабылдауды тапсырды.
Ажар Мұратқызы