KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
495.95 524.37 4.98

Буын ауруларын инновациялық технологиямен емдейді

Фото: ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы

27.09.2024, 19:00 1 791 Айна Ескенқызы

Өскемендегі №4 қалалық аурухананың травматолог-дәрігерлері аз инвазивті операциялардың көмегімен буындары жарақаттанған пациенттерге белсенді өмір сүруге, тіпті спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді. Травматология бөлімшесінің меңгерушісі, ортопед-дәрігер Айдос Кунияров өз тәжірибелерінде қолданып жүрген инновациялық технологиялар туралы айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көптеген спортшылар тізе буынының зақымдануы мен тізедегі шеміршек жастықшасы – менисканың жыртылуы қандай қиындықтарға әкелетінін біледі. Мениска жүрген кезде амортизатор және тұрақтандырғыш рөлін атқаратыны белгілі. Бұрын мұндай жарақат алған науқас  кем дегенде алты ай төсекке таңылып, содан кейін ұзақ уақыт оңалтудан өтетін. Пациент қайтадан жүріп үйренетін.

Қазіргі заманғы медицина, әсіресе травматология және ортопедия саласында белсенді түрде енгізіліп жатқан жаңа әдістер мен технологиялар адамның тірек-қимыл аппаратының барлық функцияларын толығымен қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

– Буынның жарақаттары мен артроздық өзгерістері дәл қазір жиі кездеседі. Біздің бөлімшеде біз шұғыл түрде де, жоспарлы түрде де күн сайын бес-алты операция жасаймыз. Барлық пациенттеріміз үшін шұғыл хирургия тегін,  ал жоспарлы госпитализация және емдеу үшін науқас МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет, –  деп түсіндірді дәрігер.

Ортопед-дәрігердің айтуынша, ота жасауға көрсетілім болған кезде, буынға бірден МРТ зерттеуі жасалып, буындағы сіңірлердің, шеміршектердің зақымдануы анықталады.

– Қазір біз тізе буынының алдыңғы жағындағы крест тәрізді байламына (связка)  жиі пластика жасаймыз, бес жылдан астам уақыт бойы бүйіріндегі байламдарға пластик қойып келдік. Енді біз артқы крест тәрізді байламмен жұмыс істей бастаймыз. Мұндай операциялар бұрын Астана мен Алматының ұлттық травматологиялық орталықтарында ғана жүргізілген, – деп қосты Айдос Кунияров.

Айдос Кунияров тізе буынына жасалған пластикалық отаға нақты мысал келтірді. Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны бірнеше ай бұрын оң тізе буынынан жарақат алған. МРТ зерттеуі тізе буыны байламдарының толық жыртылғанын көрсетті. Дәрігер бұл жарақат кейін   артрозға әкелуі мүмкін екенін, жігіт тіпті мүгедек болып қаупі болғанын айтты. 

– Науқас болашақта артроздан зардап шекпеуі үшін, сонымен қатар белсенді өмір салтына оралуы үшін қазір біз менисканы тікпейміз. Біз зақымдалған бөліктерді алып тастаймыз да, науқастың балтырынан сіңірдің бір бөлігін алып,  оны сүйегіндегі каналға  саламыз. Мұның бәрі аз инвазивті  оталармен жасалады. Әрине, операциядан кейін науқас біраз уақыт қозғалмауы керек. Бірақ содан кейін пациент тез оңалып кетеді, – деп тарқатып айтты ортопед-дәрігер.

№4 қалалық аурухананың травматолог-хирургтары сонымен қатар, иық буынының жарақаттарына сәтті операция жасап жүр, артроздан зардап шеккен буындарды эндопротездейді. Жамбасы сынған жасы келген науқастарға толық айығып кетуге мүмкіндік береді. Бұрын мұндай жарақаттан кейін мүгедек болып қаупі жоғары болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу