"Халық жаппай шомылатын ресми орындарында ғана суға түсу қажет" - Санэпидбақылау департаменті
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды ашық су қоймаларында лептоспироз, вирусты гепатит, ротовирустық инфекциялар, гельминтоз сияқты ауруларды жұқтыру мүмкін екендігін ескертеді. Мамандардың айтуынша, ауру қоздырғыштар суға науқастар және жануарлар арқылы келуі мүмкін.
Сондықтан, санитариялық-эпидемиологиялық департамент мамандары су қоймасы суларының сапасын бақылау жүзеге асырылатын халықтың жаппай шомылатын ресми орындарында ғана суға түсу қажетігін айтады. .
- Су айдындарындағы судың сапасы судың құрамы мен қасиеттеріне қойылатын гигиеналық талаптарды көздейтін санитариялық қағидалар шеңберінде бақыланады. «Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларының» 40-тармағына сәйкес жағажайлар жергілікті атқарушы органмен контейнерлерді орналастыруға арналған арнайы алаңдармен жарақтандырылады, - деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті алдағы жазғы маусымда жақсы демалыс тілеп, арнайы белгіленген жерлерде шомылуға кеңес береді.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында су объектілерінде бұқаралық демалыс, туризм және спорт үшін орындар облыс әкімдігінің 2021 жылғы 20 сәуірдегі № 124 қаулысымен Алтай ауданы, Үржар, Ұлан, Көкпекті, Катонқарағай, Бородулиха аудандары мен Өскемен қаласының аумағында белгіленді.