Инсульт пен онкологиялық ауруларды ерте анықтауға жасанды интеллект көмекке келмек
Қазақстанда инсульт, өкпе және сүт безі обырын ерте диагностикалау, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен стоматологиялық бейнелерді талдау жүйелері жұмыс істеуде. Аталған цифрлық шешімдер бүгінде практикалық денсаулық сақтау саласында енгізіліп, кезең-кезеңімен кеңейтіліп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта отандық медицина мамандары бірқатар ЖИ-сервистерді күнделікті тәжірибеде белсенді пайдаланып отыр. Мәселен, Cerebra жүйесі 5 өңірдегі II және III деңгейлі 9 инсульт орталығында қолданысқа енгізілген. WDsoft платформасы еліміздің 10 өңіріндегі 190 медициналық ұйымда жұмыс істейді. Ал AIDENTIS шешімі 65 стоматологиялық клиникада және 3 медициналық жоғары оқу орнында пайдаланылуда. Сонымен қатар ALIMA медицина қызметкерінің ЖИ-ассистенті республика бойынша 700-ден астам емханада енгізілген.
Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы медициналық қызметтердің автоматтандырылған мониторингін жүргізу, клиникалық шешім қабылдауды қолдау, зертханалық талдаулардағы ауытқуларды анықтап, дәрігер мен пациентті дер кезінде хабардар ету, сондай-ақ медициналық ұйымдар мен қажетті мамандар туралы өзекті ақпарат ұсыну мақсатында ЖИ-агенттерін әзірлеу жұмыстарын жүргізуде.
Аталған жобаларды іске асыру үшін 8 графикалық процессорды қоса алғанда, бөлінген жасанды интеллектінің орталықтандырылған деректер орталығының есептеу ресурстары пайдаланылып, API-интерфейстерге қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Алдағы уақытта Smart ЭКГ шешімдері негізінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізу, сондай-ақ созылмалы жүрек жеткіліксіздігін ерте анықтауға бағытталған жаңа жобаларға ЖИ-құралдарын енгізу жоспарланып отыр.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі