KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, З
501.02 597.27 6.59

STEPPE BOXING 1: Өскеменде халықаралық кәсіби бокс кеші өтті

25.01.2026, 09:00 739

Өскемен қаласында STEPPE BOXING 1 жобасы аясында халықаралық деңгейдегі кәсіби бокс кеші ұйымдастырылды. Облыс орталығында алғаш рет өткен ауқымды спорттық шарада көрермендер кәсіби боксшылардың тартысты әрі әсерлі жекпе-жектерін тамашалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Айта кетейік, STEPPE BOXING 1 — Өскемен қаласында құрылған промоутерлік компанияның алғашқы халықаралық жобасы. Турнирге сегіз мемлекеттен келген 28 спортшы қатысты.

Жартылай ауыр салмақта рингке шыққан ақтаулық боксшы Амангелді Мұхамбедьяров Түрікменстан өкілімен кездесіп, қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді. Оның бауырға бағытталған соққысы шешуші рөл атқарды.

— Өскемен жұртшылығына шексіз алғысымды білдіремін. Мұндай ыстық ықылас пен зор қолдауды күтпедім. Жекпе-жекке бес ай бойы үзіліссіз дайындалдым, бүгін соның нәтижесін көрсете алдым. Алдағы уақытта ТМД ареналарында өнер көрсетуді жоспарлап отырмын. Негізгі мақсатым — елімнің намысын халықаралық деңгейде қорғап, жаңа белестерді бағындыру, — деді Амангелді Мұхамбедьяров.

Кештің көптен күткен жекпе-жектерінің бірі — бұған дейін де кездескен Бек Андауссызов пен Ильяс Оразхан арасындағы реванш болды. Екі боксшы да бар күшін салып, көрерменге нағыз спорттық айқастың үлгісін көрсетті. Нәтижесінде жекпе-жек тең аяқталды. Бұл кездесу бокс кешінің ең әсерлі әрі есте қалар сәттерінің біріне айналды.

Сондай-ақ, Сапарбай Айдаровтың өнері ерекше назар аударды. Co-main event аясында қазақстандық боксшы қарсыласына еш мүмкіндік бермей, жекпе-жекті техникалық нокаутпен аяқтады. Жеңіске деген жігерін айқын көрсеткен Айдаров өзбекстандық Асылбек Махамаджоновқа шешуші соққылар жасап, жоғары деңгейдегі шеберлігін дәлелдеді.

Кештің басты жекпе-жегінде 37 жастағы қазақстандық боксшы Мұхит Амантаев пен 25 жастағы қырғызстандық Марат Ишеналыулы жұдырықтасты. Көрермен асыға күткен бұл айқас залдағы барша жанарды өзіне қаратты. Алғашқы минуттардан-ақ Мұхит Амантаев жекпе-жек тізгінін өз қолына алып, дәл әрі қуатты соққыларымен басымдық танытты.

Жоғары қарқынды шабуыл қарсыласына бастама көтеруге мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде шешуші нокдаун тіркеліп, қырғыз боксшысы соққы алғаннан кейін жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Осылайша, бұл айқас кәсіби бокс кешіне әсерлі нүкте қойып, көрерменге ұмытылмас спорттық эмоциялар сыйлады.

— Бүгінгі күнді Өскемен үшін тарихи деуге толық негіз бар. Себебі қалада ұзақ уақыт бойы халықаралық деңгейдегі кәсіби бокс кештері өткізілмеген еді. Бүгінгі турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменге нағыз спорт мерекесін тарту етті. Залдағы атмосфера ерекше болды, жанкүйерлердің қолдауы анық сезілді. Мұндай жобалар Өскеменде кәсіби бокстың дамуына серпін беріп, өңірдің спорттық әлеуетін арттыра түседі, — деді Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков.

Ал бокс кешінің ұйымдастырушысы Дамир Төкеннің айтуынша, турнир Мемлекет басшысының боксты ұлттық спорт түрі ретінде дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өткізілген.

— Осындай халықаралық жарыстар кәсіби бокстың дамуына ғана емес, өңірдің спорттық имиджін нығайтуға және туризмнің дамуына да оң ықпал етеді, — деп атап өтті ол.




Жайна Сыранова

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жалғас Сақадиев




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу